А.Жұмағұлов: Дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға артады

06.01.2020 1437

Биыл қазақстандық дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға, ал орташа медициналық қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға  артпақ. Бұл туралы баспасөз мәжілісінде "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов мәлім етті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

"Дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын арттыру мақсатында 2020 жылы еліміздегі  дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға, ал орташа медициналық қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға  артпақ. Қазір көпшілігі ауылдық жерлерге жұмыс істеуге бара бермейді. Медицина мамандарын ынталандыру мақсатында осындай шаралар қолға алынуда", - деді басқарма төрағасы.

Cондай-ақ Айбатыр Жұмағұлов медициналық сақтандырылмаған жағдай не істеу керегін айтты. Оның сөзіне сүйенсек, сақтандыру мәртебесін анықтайтын Telegram боттары бар. Бұдан бөлек электрондық үкімет порталында сақтандыру мәртебесін анықтауға болатынын атап өтті.

"Халық білуі керек кейбір мәселелер бар. Біріншіден, бұл сақтандыру мәртебесі. Осы жылдың наурыз айының соңына дейін біздің барлық азаматтар медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша сақтандырылады, соған қарамастан әркім өз мәртебесін тексеріп отыруы керек. Егер азамат сақтандырылмаған болса, бүгін банктермен жұмыс істейтін төлем терминалдары арқылы жүйеге шұғыл кіру тетіктері жұмыс істейді, ", - ол.

Cонымен қатар оның айтуынша, әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу барысында медициналық көмектің көлемі 1,5 есеге артқан.

"Жалпы әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілген кезде денсаулық сақтау жүйесінің бюджеті де өсті. 2020 жылы медициналық көмектің көлемін 1,5 есеге артқанын есепке алсақ, 1,6 трлн теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ амбулаториялық-емханалық көмекті қаржыландыру көлемі 2020 жылы 78 пайызға, яғни 740,9 млрд теңгеге дейін өспек. Бұл алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыру арқылы халықты профилактикалық шаралармен толық қамтуды қамтамасыз етеді", - деді ол. 

Бұдан бөлек оның сөзіне сүйенсек, консультациялық-диагностикалық қызметтерді қаржыландыру көлемі 5 есеге артып, 168,6 млрд теңгені құрап отыр. Оның ішінде мектеп медицинасы 9,1 млрд теңге жұмсалмақ. Сонымен бірге қалпына келтіру емі мен медициналық оңалту 8 есе 55,7 млрд теңгеге дейін, ал ТМККК және МӘМС жүйесінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету 2,3 есеге өсіп, 197 млрд теңгені құрайды.

Сондай-ақ айта кету керек, елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Заңға сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізіле бастады.

Назерке Сүйіндік