Қазақстан дүниежүзілік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 15 позицияға көтерілді
2017 жылғы IMD дүниежүзілік бәсекеге қабілеттілік рейтингінің нәтижелері бойынша Қазақстан 32-ші орынға ие болды, деп хабарлады "Қазақпарат" ХАА.
Менеджментті дамыту халықаралық институтының Дүниежүзілік бәсекеге қабілеттілікті зерттеу орталығы (IMD, Швейцария, Лозанна) ағымдағы жылғы 31 мамырда 2017 жылғы дүниежүзілік бәсекеге қабілеттілік рейтингінің нәтижелерін жариялады.
Қазақстан аталған рейтингке алғаш рет 2008 жылы қатысқан болатын. 2017 жылғы IMD дүниежүзілік бәсекеге қабілеттілік рейтингінің нәтижелері бойынша Қазақстан 15 позицияға көтеріле отырып, 32-ші орынға ие болды. Осылайша, ол 2014 жылғы позициясына қайта оралды (2014 ж. – 32-ші орын, 2015 ж. – 34-ші орын, 2016 ж. – 47-ші орын).
Сонымен бірге, IMD-2017 рейтингі бойынша өз позицияларын жақсартқан елдердің арасында Қазақстан ең үлкен серпін жасады. Мысалы, Қытай рейтингте 7 позицияға көтерілсе, Индонезия – 6 позицияға, ал БАӘ 5 позицияға көтерілген. 2017 жылы дүниежүзілік рейтингте 63 ел бағаланды. Олардың ішінде Гонконг, Швейцария және Сингапур АҚШ-ты 3-ші орыннан жылжытып, анағұрлым бәсекеге қабілетті елдер болып танылды. Қазақстан рейтингте Испания (34-орын), Италия (44-орын), Үндістан (45-орын), Ресей (46-орын) және Түркия (47-орын) сияқты елдерден жоғары тұр.
IMD дүниежүзілік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстан 4 фактордың ішінде «Үкіметтің тиімділігі» (19-орын) және «Бизнестің тиімділігі» (23-орын) факторлары бойынша анағұрлым күшті позицияларға ие. Осы факторлардың аясында Қазақстан позицияларының ең үлкен өсімі «Мемлекеттік қаржы» (4-орын) және «Менеджмент практикасы» (14-орын) қосалқы факторлары бойынша байқалады.
Жалпы, Қазақстан қосалқы факторлардың көпшілігі бойынша өз позицияларын көтерген: 20-ның 15-сі өсімді көрсетсе, 4-уі бойынша позициялар төмендеген, ал бір қосалқы фактор бойынша позиция өзгеріссіз қалған. Сауалнама нәтижелеріне қатысты, сұралғандардың пікірі бойынша Қазақстан экономикасының анағұрлым тартымды фактоларының санына саясаттардың/жағдайдың тұрақтылығы мен болжауға болатындығы (62%), қолайлы бизнес-орта (54%) және салық салудың бәсекеге қабілетті жүйесі (44%) жатады. Аз тартымды факторларға құқықтық жүйенің тиімділігі (18%), корпоративтік басқарудың сапасы (15%) және ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің мәдениеті (9%) жатқызылды.
Сонымен қатар, IMD биыл алғаш рет қосымша есеп жариялаған болатын, онда елдердің цифрлық бәсекеге қабілеттілігінің жекелеген рейтингі келтірілген. Сондықтан, елдер енді IMD рейтингтерінде 2 позицияға ие. 2017 жылғы зерттеу нәтижелері бойынша IMD цифрлық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстан 38-орын алды, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 5 позицияға жоғары. IMD-2017 цифрлық бәсекеге қабілеттілік рейтингіндегі көшбасшылар ондығына Сингапур, Швеция, АҚШ, Финляндия, Дания, Нидерланды, Швейцария, Канада және Норвегия енді. Бұл рейтингте Қазақстан: «Технологиялар» (35-орын), «Болашаққа дайындық» (38-орын), «Білім» (40-орын) факторлары бойынша өсімді көрсетті.
Осылайша, 2016 жылы ұлттық экономиканың белсенділігін қалпына кетірудің және оның экономикалық көрсеткіштерінің өсуінің арқасында Қазақстан IMD дүниежүзілік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде өз позицияларын едәуір нығайтты. Бұдан бөлек, позициялардың жақсаруына елде жүргізіліп жатқан институционалдық реформалар да ықпал етті.