«Қазгеология» мен «MetalsCornersHoldingCo» араб компаниясы келіссөздер жүргізді

13.10.2016 2354

«Қазгеология» АҚ Басқармасының Төрағасы Ғалым Нұржанов Сауд Арабиясы «MetalsCornersHoldingCo»компаниясының басшысы Насыр Әлимен кездесті, деп хабарлады Инвестициялар және даму министрлігі.

Кездесуде тараптар Қазақстанның аумағында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу саласындағы бірлескен ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.

Кездесу барысында Ғалым Нұржанов компания қызметінің бағыттары туралы айтып, ықтимал ынтымақтастық нұсқаларын ұсынды. Сонымен қатар, «Қазгеология» АҚ-ның ірі шетелдік компаниялармен, мысалы «Rio Tinto», «Iluka», «JOGMEC» және т.б. жұмыс істеудің оң тәжірибесі бар екенін атап өтті.

Әңгімелесу барысында компания басшысы Насыр Әли компаниялар арасындағы өзара тиімді қатынастарды дамыту перспективаларына мүдделі екенін білдірді әрі «Metals Corners Holding Co» компаниясы түсті металдарды  барлау және өндіру саласында қызметін жүзеге асыратынын, қазіргі таңда Қазақстанның аумағында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу бойынша жаңа жобаларға мүдделі екенін айтты.

Кездесу қорытындысында, тараптар екі жақтың да геологтар тобының жұмыстары бойынша бірлескен келісімдер жасалатыны және ынтымақтастық перспективалары неғұрлым егжей-тегжейлі қаралатыны туралы уағдаласты.