ҚР мен РФ Үкіметтері көлік-логистика саласын дамыту бойынша шараларды күшейтеді
ҚР Президенті Н.Назарбаев РФ Президенті В.Путинмен бірігіп екі елдің Үкіметіне бірқатар тапсырма берді. Н.Назарбаев ҚР мен РФ-ның ХІІІ өңіраралық ынтымақтастық форумында панельдік отырыс қорытындысында тапсырмаларды жүктеді.
«Бүгін іскерлік келіссөз өтті, біз проблемалар мен алға қойған перспективаларды талқыладық. Айтылғандарды ескере отырып, біз Владимир Владимировичпен үкіметке келесі мәселелерді ұсынбақпыз. Бірінші, көлік-логистика саласы бойынша үйлестіру кеңесін нығайту қажет», - деді Елбасы.
Н.Назарбаев айтып өткендей, жүк тасымалдаудың көлемін артыру үшін барлық жағдайды жасау қажет.
«Біз кең ауқымды бағыттар бойынша өзара тиімді іскерлік ынтымақтастықты жүзеге асырып келеміз. Оған осы өңіраралық форум да септігін тигізетін болады. Биылғы бірінші жартыжылдықта өзара сауда-саттықтың көлемі 6 миллиард долларға жуықтады. Сонымен қатар, дағдарысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіштің 30%-ке төмендегені байқалады. Көп жағдайда оның қарқыны бәсеңдеуі сыртқы жаһандық ахуалдарға байланысты болып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы жандандыру саласындағы, соның ішінде салық режімін ырықтандыру, ауқымды жекешелендіру ісінің келесі кезеңін жүзеге асыру және Астана мен Алматыда инновациялық екі кластер құру бағытында мемлекет қабылдап отырған шаралар туралы айтып өтті.
Соңында Қазақстан Президенті талқыланып жатқан бастамалардың тиімді іске асырылатынына сенім білдіріп, қатысушыларға табыс тіледі.