Грекия Қазақстанда оңалту орталығын салуды жоспарлап отыр (ФОТО)
«KAZNEX INVEST» АҚ мен «EVEXIA» компанияларының басшылары Қазақстан-Грекия бизнес форумы барысында Қазақстанда оңалту орталығын салу бойынша инвестициялық жобаны іске асыру жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Астанада екі елдің лауазымды тұлғалары және іскер топтардың қатысуымен Қазақстан-Грекия бизнес форумы өтті. Форум аясында қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық және Қазақстанда оңалту орталығын салу бойынша инвестициялық жобаны іске асыру жөнінде өзара түсіністік туралы екі меморандумға қол қойылды.
«KAZNEX INVEST» АҚ басқарма төрағасы Борісби Жанғұзаровтың айтуынша, «EVEXIA» атты ірі грек компаниясы Қазақстанда оңалту орталығын салуға қызығушылық танытуда.
«Бүгінгі күні ол танымал қызметтің түріне айналуда. Бұл компания осы салаға оңтайлы тәжірибе әкелуі мүмкін. Инвестицияның көлемі шамамен 10 млн доллардан астам қаржыны құрайды. Компания толық инвестицияны қарастыруда. Нақты құрылыс туралы айтуға әлі ерте, олар біздің нарықты зерттеп, бағасын береді. Содан кейін инвестициялық шешім қабылдайды»,-деді Б. Жанғұзаров.
Оның айтуы бойынша, оңалту орталығы Астана немесе Алматы қаласында орналасатын болады.
Ботагөз Айтжанова
Сурет: Бауыржан Жуасбаев