Ақмола облысында 119 шақырым жол жөнделді

22.09.2016 2253

Қазіргі уақытта облыста 119 шақырымға созылған республикалық маңызы бар автожолдардың сегіз бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» АҚ.

Осы жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар автожолдардың тағы 16 шақырымын жөндеп, қолданысқа беру жоспарланып отыр.

«Астана айналмасы» бойындағы екі бөлімде тас-мастикалық асфальтбетонды (ТМА) қоспасымен беткі қабатты жабу арқылы орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«ТМА – бұл асфальттың ерекше түрі, ол бір мезгілде қозғалыс тұрақтылығын, су өткізбегіштікті және орнатылған қабаттың кедір күйін қамтамасыз ете алады. Қоспа, ірі қиыршық арасындағы барлық қуыстарына қиыршық құм битум қоспасы толтырылған қиыршық тас қаңқасынан тұрады, ондағы қиыршық тас шамамен 80%-ды құрайды. Айта кету керек, бұл әдіс Ақмола облысындағы республикалық маңызы бар жолдарда орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында алғаш қолданылуда», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында «Жақсы-Атбасар» және «Көкшетау-Атбасар» көлік жолдары бөліктерінде кедір бетті өңдеудің дәстүрлі әдісін қолдану арқылы, жол қабатының жоғарғы бөлігін қалпына қайта келтіру бойынша кешенді жұмыстар жасалды.

Сонымен қатар, ағымдағы жөндеу «Жезқазган – Петропавловск» көлік жолының Державинск қаласынан Қостанай облысына дейін және Макинск – Ақсу – Торғай бағыты бойынша Сілеті ауылынан Торғай ауылына дейінгі аралықтың көбіне төтенше-қауіпті аймақтарында жүзеге асырылуда. Осы бөліктердегі жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

«Жақсы–Есіл–Бұзұлұқ» көлік жолының бойындағы «Астана – Қостанай – Ресей Федерациясы» көлік дәлізіне кіретін және Есіл өзені арқылы өтетін, төтенше қауіпті жағдайда тұрған көпірді күрделі жөндеуден өткізу бойынша жобалық-дамыту жұмыстары жүргізілуде.