Универсиада-2017-ні өткізу - Қазақстанның айрықша жетістігінің бірі - FISU

15.09.2016 2606

Алматыға Халықаралық студенттер спорты федерациясы (FISU) президенті Олег Матыцин бастаған делегация мен АҚШ, Ресей, ҚХР, Жапония, Ұлыбритании, Германия, Италия, Франция, Канада, Корея Республикасы, Швеция, Польша және тағы басқа елдердің студенттер спорты федерациясының басшылары келді. Олар 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дайындықпен танысады, деп хабарлады Универсиаданы ұйымдастыру дирекциясы.

Алматыда 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға қатысушы мемлекеттер делегациялары басшыларының жұмыс кездесуі өтуде. Жиын барысында халықаралық жарысқа дайындық пен оны өткізудегі мәселелер талқылануда.  

Кездесуді аша отырып, қала әкімі Бауыржан Байбек жарыстарға дайындық жақсы жүруде деп атап өтті, сондай-ақ, спорт нысандары мерзімінен 1,5 ай бұрын тапсырылып, алдағы уақытта шағын жөндеулер жүргізіледі, ұйымдастырушылар алдағы төрт айда осы іспен белсенді айналысатын болады деп жеткізді ол. «Осы үш күн Қазақстан үшін аса үлкен маңызға ие, делегаттар Алматының бүкіл инфрақұрылымын көре алатын болады, - деді өз сөзінде әкім. - Біз атлеттердің қаламызда өзін барынша жайлы сезінуі үшін барлық жағдайларды жасамақпыз, сонымен бірге, бүгін қауіпсіздікпен байланысты басқа да мәселелерге жіті көңіл бөлудеміз. Қазірдің өзінде 58 елдің спортшысы Ойындарға қатысатынын растады».

Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) президенті Олег Матыцин Қазақстанның Универсиадағы дайындығына қатысты жылы пікірін білдірді. «Универсиаданы өткізу – Қазақстан үшін ерен жетістік. Қазақстанның барлық азаматтары көлемі жағынан Олимпиададан кейін екінші орында тұрған спорт іс-шарасының осында өткізіліп жатқандығын шынымен де мақтан тұтуы тиіс. Сонымен бірге сіздер бұл іске үлкен дайындықпен келдіңіздер. Тарихты жасау – оңай жұмыс емес, алайда сіздер бәрін ойдағыдай жасай алдыңыздар», - деп атап өтті  FISU  президенті.

Алдағы 3 күнде, 15 мен 18 қыркүйек аралығында, шетелдік меймандар Дүниежүзілік қысқы ойындар өтетін спорттық нысандарға инспекторлық етеді.  Атап айтсақ: «Сұңқар» Халықаралық трамплиндер кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы  «Алматы арена» (жаңа нысан), «Халық арена» (жаңа нысан), «Медеу» мұз шатқалы, «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешені, Алатау» шаңғы-биатлон кешені және «Табаған» ойын-сауық кешені.

Делегаттар жаңа Атлеттер қалашығындағы спортшылардың жарыс кезіндегі орналасатын жерін аралап, өздерін толғандырған сауалдарға жауап ала алады.  Сондай-ақ, делегация мүшелері командалық жарыстардың жеребе тарту рәсіміне, «Алматы арена» мұз кешенінің ресми ашылу салтанатына, сол нысанда өтетін қаланың 1000 жылдығына арналған  гала-концертке қатыса алады. Шетелдік спорттық делегаттармен қоса, 2019 жылғы Красноярск қаласында өтетін  29-шы Дүниежүзілік қысқы Универсиадның ұйымдастыру комитетінің өкілдері «Observer» бағдарламасының қатысушылары да аралайды. Өйткені, дәл осы қалаға, 2017 жылғы қысқы Универсиаданың жабылу салтанатында студентер ойындарының туы табысталады.