Н.Назарбаев: ҚР халқының өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттің басты мақсаты

09.09.2016 2951

Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Отырыс барысында елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралды, сондай-ақ экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі алдағы шаралар айқындалды.

Елбасы жиналғандарға арнаған сөзінде бүгін мемлекет алдында тұрған негізгі міндет – тұрғындардың өмір деңгейін арттыру екенін атап өтті.

«Күрделі жағдайларға қарамастан, біз 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттік қызметкердің орташа жалақысын 30%-ға, стипендиялар мен жәрдемақыларды – 25%-ға арттырып, зейнетақыны 9%-ға индексацияладық. 673 мың адамға мүгедектігі және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақылар көлемін 25%-ға арттырдық», – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев жаңа шынайылық қосымша нақты шаралар қабылдауды талап ететін айтты.

Осыған байланысты, Мемлекет басшысы алдағы кезеңге келесі бағыттар жөнінде бірқатар нақты міндеттер қойды.

Жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмысбастылықпен қамту

Қазақстан Президенті Үкіметтің басты жұмыс бағытының бірі болып жаппай кәсіпкерлік мәселелері табылатынын атап өтіп, тиісті бағдарламаларды одан әрі дамытуды жүзеге асыруды және қолдау құралдарын жетілдіруді тапсырды.

«Үкімет бүгінде шағын несие беру аясын одан әрі кеңейту жөнінде шаралар қабылдауы тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың 60%-ы ауылда тұрады. Осыған байланысты, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында біз 5 өңірде пилоттық режімде «Ауылдағы жұмысбастылық» жаңа жобасын іске асыруды бастадық. Оған 10 миллиард теңге бөлінді. Бұл жұмысты жүргізу барысында кооперацияларды дамыту ісіне айрықша көңіл бөлу қажет. Тиісті «Кооперациялар туралы» Заң қабылданды. Енді жер-жерлерде үлкен ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстары күтіп тұр. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, елді-мекендерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу және қайта өңдеуді қамтамасыз ететін кооперативтер ұйымдастыру жөніндегі шаралар қабылдауды тапсырамын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы «Барлығына тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы аясында жұмысты жалғастыру қажеттігіне тоқталды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Үкіметке және әкімдерге еңбек мобильділігін қамтамасыз ету және жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің бірін-бірі табуға ықпал ету жөніндегі жұмыстарды бақылауды ұстауды тапсырды.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлер қызметі мен мемлекет-жекеменшік серіктестігінің тетіктерін белсенді қолдану үшін шекараны кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінде барлық жағдайлар жасалып, құқықтық алаң қалыптасты. Қазірдің өзінде жағымды мысалдар бар. Мектепке дейінгі білім беруде мемлекет бизнеспен бірлесіп мемлекеттік тапсырыс жеке мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне орналастыру арқылы тиімді жұмыс жасай бастады. Бұл жағдайда бизнес өзінің инвестициясын құрылысқа салады», – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы министрліктер мен ведомстволардың ведомствоға бағынысты ұйымдарына оларды бәсекелік ортаға немесе жергілікті деңгейге беру мақсатымен қайта инвентаризация өткізу қажеттігін атап өтті.

Экономиканы әртараптандыру

Нұрсұлтан Назарбаев жыл соңында мемлекеттік қазынаның 830 миллиард теңге қосымша кіріске толығуы күтіліп отырғанын айтты. Бұл биылдың өзінде дағдарысқа қарсы жоспардан шығуға және стратегиялық даму міндеттерін орындау үшін қазіргі проблемаларды шешуге мүмкіндік береді.

Осыған байланысты, Қазақстан Президенті негізгі үш міндетке тоқталды.

Агроөнеркәсіп кешені

Мемлекет басшысы «Агробизнес 2020» бағдарламасының аясында жыл соңына дейін АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.

«Бағдарламаның басымдықтары болып нарыққа неғұрлым қажетті өнім түрлеріне назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту және әртараптандыру, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, ауыл шаруашылығы өндірушілер үшін бірінші кезекте ұзақ мерзімді қол жетімді несиелендіру, қызмет көрсету-дайындау кооперативтерін, бастапқы қайта өңдеудің, өнімді сақтау мен өткізудің инфрақұрылымын құру, сондай-ақ суармалы жердің айналымын енгізу табылуы тиіс. Алдағы бес жыл ішінде кемінде 600 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға қатаң бақылау жүргізуі тиіс. Бұл жерлерді апатты жағдайдағы су қоймаларын жөндеу және жаңасын салу есебінен қажетті су көлемімен қамтамасыз ету керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті агроөнеркәсіп кешеніндегі субсидиялау жүйесін жетілдіру, тиімсіз субсидиялауды доғару және өнімділікті арттыруға назар аудару қажеттігін атап өтті.

Елбасы ветеринарлық қауіпсіздік мәселелерін қозғай отырып, Үкіметке биыл АӨК-ні қолдауға қажетті қосымша 97 миллиард теңге қаражат бөлуді тапсырды.

« Биыл сібір қараталағы бірнеше өңірде орын алып, адамдар да өлді. Біз ауруды емдеуге қаражатты көбейтудің орнына, оны түбегейлі жоюымыз қажет. Әкімдер ветеринарлық қауіпсіздікті сақтауға жеке жауапты болады. Бұл мәселелер 2014 жылдан бастап жергілікті биліктің құзыретіне жатады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Экспорттық әлеуетті индустрияландырудың жаңа кезеңі есебінен әртараптандыру

Қазақстан Президенті барлық экономика мен экспорттың әртараптануы оның тұрақтылығының кепілі болатынын, нәтижесінде Үкімет пен әкімдер экспортты ынталандыру және дамытуға бағытталуы тиіс екенін айтты.

«Біз индустриялық бағдарламаның екінші бесжылдығына көштік. Таңдалатын жобалардың сапасын арттыру өте маңызды. Жаңа бесжылдықта шикізаттық емес  экспорттық өнімге бағыт алу қажет екенін басып айтамын. Экспорттық әлеует, жоғары өнімділік, жаңашылдық таңдалатын жобалардың негізгі өлшемдері болуы тиіс. Үкіметке бұл бағдарламаны қолдауға қажетті қосымша 112 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлуді тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыты болып Қытаймен «Жібек жолының экономикалық белбеуі» бастамасының аясындағы келісімді іске асыру табылатынын атап өтті.

« Қазақстан мен Қытайдың 51 жобасынан тұратын тізім құрылды. Бұл жобалар осы кезеңде айрықша өзекті болып саналатын қосымша құн мен жаңа жұмыс орындары түріндегі жақсы экономикалық әсер береді. Үкімет «Жібек жолының экономикалық белбеуі» бастамасының аясында белгіленген жобалардың уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуі тиіс», – деді Қазақстан Президенті.

Көлік инфрақұрылымын дамыту

Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы бүгінде көлік инфрақұрылымын дамыту мен экономиканы қолдаудың басты құралы болып отырғанына назар аударды.

« Көлік әлеуетін дамыту мен өңірлік көлік-логистика хабын құру жөнінде міндеттер тұр. Азия-Еуропа бағытындағы контейнерлік көлік тасымалының көлемі қарқынды өсуде. Биылғы жеті айдың ішінде ғана ол былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 2,5 есеге артты. Бұл жұмысты биыл жалғастырып, жыл соңына дейін «Алматы-Шу» темір жолы желісінің алғашқы іске қосылатын кешенін, Құрық портындағы паром кешенін іске қосуды, 920 шақырым қашықтықтағы автомобиль жолының құрылысы мен қайта құруды аяқтау қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі басталған жобалардың іске асырылуын жеделдетуге биыл қосымша 74 миллиард теңге бөлуді тапсырды.

Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету

Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке алдағы уақытта бірінші кезекте іске асырылуға тиіс бірқатар міндеттер қойды. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қордан алынатын трансферттерді қатаң регламентеуді тапсырды.

«Тағы бір мәселе – бюджетаралық қатынастар. Соңғы 10 жылда республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер есебінен қаржыландыру көлемі едәуір артып, қаржыландырылатын салалар да айтарлықтай көбейді.  Оның мөлшері 2016 жылы жергілікті бюджеттерден түсетін қаражаттың 36%-ына  жетті. Жергілікті маңызы бар жобаларды республикалық бюджет есебінен қаржыландыруды тоқтату қажет. Бұл мәселені әкімдіктер өздері дербес шешуге тиіс. Үкіметке бюджетаралық қатынастарды жетілдіру жөнінде келісілген ұсыныстар әзірлеп, енгізуді тапсырамын», – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2016 және 2017 жылдары инфляция деңгейін 6-8%-ке дейін төмендету макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажетті маңызды шарт екенін атап өтті.

« Еркін айырбас бағамына көшу арқылы біз өнім өндірушілеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қол жеткіздік. Өңдеу өнеркәсіптеріндегі өсім қарқыны қалпына келе бастады. Бірақ теңге бағамына түзету енгізу инфляциялық үдерістердің белең алуына әкеп соқтырды. Бізге инфляция деңгейін  биылғы жылдың соңына шейін бір таңбалы санға дейін төмендетуге қол жеткізу маңызды. Халықтың әлеуметтік бақуаттылығы үшін бұл аса қажет. Сондықтан бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мен тиісті шаралар қабылдап, табиғи монополиялар қызметінің тарифтерінің өсуіне биыл жол бермеуді тапсырамын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті валюта нарығындағы ахуалдың тұрақталуы қазірдің өзінде оң нәтиже бере бастағанын айтты.

«Долларсыздану үдерісі басталды. Теңгемен салынған депозиттер өсіп келеді, бұл банк қорын толықтырудың теңгелік базасын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Теңгемен салынған депозиттер үлесі 2016 жылдың басындағы 31%-дан 1 тамыздағы 41%-ға дейін артты. Соған орай несие беру мөлшері қайтадан көбейе түсуде. Биылғы жеті айда шағын бизнеске берілген несие портфелі 2,1 триллион теңгеден 2,8 триллион теңгеге дейін ұлғайды, өсім 740 миллиард  теңге немесе 36% болды. Дегенмен, қарқынды экономикалық даму үшін бұл жеткіліксіз», – деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банкке Үкіметпен бірге ұзақ мерзімді несиелік белсенділікті қалпына келтірудің қосымша шараларын қабылдауды тапсырды.

Қазақстан Президенті экономикаға инвестиция тартудың елеулі жолының бірі  халықаралық қаржы ұйымдарынан қаражат алу екенін айтты.

«Халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі бағдарлама  2014 жылы мақұлданған болатын. Сол себепті, осы бағдарлама бойынша халықаралық қаржы ұйымдары, оның қатарында Дүниежүзілік банк, ЕҚДБ, АДБ, ИДБ 5 жылда Қазақстанға 7 миллиард доллар бөлуді жоспарлап отыр. Үкімет пен әкімдер осы бағдарламаның аясын кеңейту және экономикаға қосымша қаражат тарту мүмкіндігін қарастыруы қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй мәселесіне арнайы тоқталды.

«Тұрғын үй құрылысын дамытуға біз зор көңіл бөліп отырмыз. Былтырдың өзінде республикада 9 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Тұрғын үй құрылысының көлемі 2016 жыл қорытындысында 10 миллион шаршы метрден асады деп болжануда. Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін орындау үшін 2005 жылдан бері тиісті мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, көпшіліктің тұрғын үйге мұқтаждығы әлі де айтарлықтай жоғары. Жұртты тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін орындау ісі кешенді жаңа шараларды талап етеді», – деді Қазақстан Президенті.

Осы орайда Мемлекет басшысы Үкіметке бірыңғай «Нұрлы Жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуді, оған қазіргі қолданыстағы бағдарламалардың барлық мәселесін кіріктіруді тапсырды.

«Жаңа бағдарламада мына мәселелерді ескеру керек. Тұрғын үй құрылысын тікелей қаржыландырғаннан гөрі жекеменшік құрылысшыларды ынталандыру ісіне баса ден қойған жөн. Олардың тұрғын үй салу кезіндегі шығындарын азайтып, мемлекет өз ресурстарын инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдар әзірлеуге жұмылдыруы керек. Бұл бюджеттен қаржыландырудың үлесін азайтып, жеке инвестицияны көбірек тартуға мүмкіндік тудырады. Сондай-ақ төлем қабілеті бар тұрғындар тарапынан сұранысты жандандыру керек. Коммерциялық банктердің ипотекалық несие беруін жандандырып, пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қоса өзге де арзандату бағытындағы шараларды ойластыру қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті бағдарламаның тағы бір компоненті тұрғын үй құрылысы жинағы жүйесі арқылы несиелік тұрғын үй құрылысын жалғастыру болуы тиістігін  атап өтті.

«Бұл ретте несиелік тұрғын үй құрылысын бюджеттен тыс қаржыландыру жүйесіне көшіру керек, ал бюджеттен займдық ресурстар құнын төмендету үшін субсидиялау түрінде ғана қолдау көрсеткен жөн. Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту қажет. Бұл міндеттің орындалуы мемлекеттің бөлінетін жерлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мүмкіндігімен тікелей байланысты. Сондықтан Үкімет мұндай инфрақұрылым қалыптастыруға жұмсалған қаражаттың қайтарылу механизмін ойластыруы тиіс. Бұл оны қайтарымды негізде ұдайы қайтадан пайдалануға мүмкіндік береді», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев әкімдерге Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге қолда бар жер қорына талдау жүргізіп, бас жоспарларды тиісінше өзгерту жөнінде ұсыныс беру міндетін қойды.

« Сонымен қатар, әкімдерге мемлекет мұқтажы, соның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер сатып алуға қосымша құқы бер керек. Көлікке қатысты шешімдерді, қандай әлеуметтік инфрақұрылым қажеттігін алдын ала ойластыру қажет. Бұл бағдарламаның елеулі әлеуметтік әсері болатынына сенімдімін. Жаңа жұмыс орындарына қоса, миллиондаған қазақстандықтар тұрмыс жағдайларын айтарлықтай жақсарта алады. Жаңа бағдарламаның маңызды әлеуметтік мәнін ескере отырып, Үкіметке «Нұр Отан»партиясымен бірлесіп, оны халықпен, жұртшылықпен және бизнес өкілдерімен бірге егжей-тегжейлі талқылауды тапсырамын», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы отырысты қорытындылай келіп, айтылған міндеттерді орындау үшін Үкіметке биылғы республикалық бюджетті нақтылау жұмысын жүргізуді тапсырды. 

« Басымдығы бар жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыруға қосымша 380 миллиард теңге, оның 280 миллиард теңгесін мен бүгін айтқан шаралар іске асыруға, ал 100 миллиард теңгесін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, Астанадағы білім беру және инфрақұрылым нысандары құрылысына бағытталған және өзге де шығыстарға бөлу қажет. Ұлттық қордың қаражатын сақтап, одан әрі жинақтау мақсатымен 2016 жылы кепілдендірілген трансферт көлемін 400 миллиард теңгеге қысқартуды, сондай-ақ мақсатты трансфертті 50 миллиард теңгеге азайтуды тапсырамын. Үкімет менің тапсырмаларымды жүзеге асыру үшін 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында алдағы үшжылдық кезеңнің шығыстарын қарастыруы қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Отырыс барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова, Ұлттық экономика министрі Қ.Бишімбаев, Қаржы министрі Б.Сұлтанов, Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, бірқатар облыстардың әкімдері, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқармасының төрағасы Ө.Шөкеев, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы С.Мыңбаев, баяндама жасады.