Қазақстанда қолданбалы бакалавриат бағдарламасы әзірленді (ФОТО)
Биыл фин және отандық мамандар медбикелерге арналған бірлескен «Медбикелік іс» қолданбалы бакалавриат бағдарламасын әзірледі. Ол бойынша білім алған медбикелер біліктіліктерін бір жарым жыл бойы қосымша оқу арқылы арттыра алады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Биртанов Астанада қазақстандық және финдік медициналық қызмет көрсету саласында өткен дөңгелек үстел барысында айтты.
Шараға қатысушылар Қазақстан мен Финляндияның жоғарғы білікті медициналық кадрларды дайындаудағы, олардың денсаулық сақтау саласындағы рөлі, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметін тиімді үйымдастыру саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
«Медбикелік іс саласында бұл жұмыс 2014 жылы басталды. Министрлік медбикелік қызметті дамыту мен Финляндияның қолданбалы ғылымдар университетімен серіктестік басталып жатқан еді. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі «Мейіргерлік іс» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриатты енгізу бойынша жобаны жүзеге асыруды 2014 жылы эксперименталды тәртіпте 6 мемлекеттік медициналық колледж базасында (Астана қаласының медициналық колледжі, Көкшетау медициналық колледжі, Қызылорда медициналық колледжі, Павлодар медициналық колледжі, Республикалық орта медициналық және фармацевтика қызметкерлерін дайындау мен қайта даярлау колледжі, Батыс Қазақстан медициналық колледжі) бастады», - деді ол.
Елжан Біртанов халықаралық стандарттар негізінде медициналық кадрларды оның ішінде мейіргерлік іс мамандарын даярлау жүйесін жетілдіру – Қазақстан халқына көрсетілетін медициналық көмек сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап айтты.
«Қолданбалы бакалавриат бағдарламасы еуропалық директиваларға сай дуалды білім беру қағидаларын қарастырады. Оның ішінде оқу сағаттарының 60-70%-дан кем емес (оқу мерзімі 3,5 жыл) көлемінде білікті тәлімгердіің басшылығымен емханалық базада өндірістік практиканы жүзеге асыру да бар. Аталған бағдарлама ЕуроОдақ елдерінде кеңінен таралған, сонымен қатар, практикалық әзірлігі басым жоғары білікті мейіргерлерді дайындауға бағытталған», - деді ол.
Сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында ҚР ДСӘДМ мамандары JAMK және Lahti (Финляндия) қолданбалы ғылымдар университеттерінің әріптестерімен бірлесе отырып ҚР-дағы мейіргерлік білім беру жүйесін жетілдірудің 2016-2019 жылдарға арналған жол картасын жасады.
Индира Кауметова