Павлодар облысында 60-тан астам көлік жергілікті полиция автопаркін толықтырды
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығын тойлау шеңберінде Павлодар облысының Ішкі істер департаменті 62 су жаңа машинаның кілтіне ие болды. Жаңа машиналардың кілттерін көлік иелеріне аймақ басшысы Болат Бақауов тапсырды, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Облыс әкімі ІІД құрылымдық бөлімшелеріне жаңа машиналарды тапсыру рәсімі ҚР Конституция күнінің қарсаңында өткізіліп жатқанын тілге тиек етіп, тәртіп сақшыларының қызметі азаматтардың құқықтарын қорғаумен тікелей байланысты екенін атап өтті.
« Қазіргі таңда жергілікті полиция қызметінің авто көлікпен қамтылу деңгейі 68%-ды құрайды, - деді Болат Бақауов. – Ішкі істер департаментінің материалдық-техникалық жабдықталуы аса маңызды басымдықтардың бірі. Соңғы үш жыл ішінде бұл мақсатқа облыс бюджетінен 2 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл қаржыға 99 автокөлік, «Автодауыл» аппараттық-бағдарламалық кешені, ішкі істер органдары қызметкерлері үшін бейнетіркеуіштер, жол қауіпсіздігі ережелерін бұзушылықтарды тіркейтін құралдар сатып алынды. Міне, бүгін ІІД-ің қызметтік автопаркі жаңа машиналармен толықты. Бұл шаралар тәртіп сақшыларына өзінің қызметтік борышын адал атқарып, тұрғындардың тыныштығын күзетіп, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға көмектеседі.
ІІД-ің автопаркі 62 жаңа машинаға толықты. Олардың ішінде жалпы құны шамамен 245 миллион теңгені құрайтын 10 «Соболь» шағын автобустары, 11 «Skoda Rapid» автокөліктері, 11 «УАЗ» және 30 «Лада» автомобильдері бар. Барлық көліктер арнайы құралдармен жабдықталған. Шағын автобустар кезекші бөлімдердің балансына беріліп, жедел-тергеу бөлімдерінің оқиға орнына шұғыл аттануы үшін пайдаланылады. Қалған көліктер жергілікті полиция қызметінің балансына беріледі.
Сонымен бірге, Конституция күнінің қарсаңында облыстың ішкі істе департаменті «Динамо» спорт кешенінің аумағында орналасқан теннис корты мен волейбол алаңын ашты. ІІД-ің ресми өкілдерінің айтуынша спорт алаңдарында полиция қызметкерлері ғана емес, қала тұрғындары да спортпен шұғылдана алады.