Семейдегі кәсіпорын жаңа стандарт бойынша мектеп формасын шығара бастады
Қазақстанда мектеп формасының жаңа стандарты бекітілді. Семейдегі бірқатар кәсіпорындар оқу жылына толық қуатта жұмыс істеу үшін өндірістерін жаңғыртып, жаңа құрылғылар орнатып, тыңғылықты дайындалып жатыр, деп хабарлады ШҚО ақпарат орталығы.
Тігін, трикотаж және спортық мектеп формалары мен аяқ киімдер шығара алатын Семей қаласының бірнеше кәсіпорыны өндірісті игеріп, жоғары талаптағы сапалы өнім шығаруға дайын. Мектеп формасын тіккенде оның түсі, фасоны, матаның сапасы, оқушылардың жас ерекшеліктері, оқу ғимаратының температурасына дейін ескерілуі тиіс. Мектеп формасына мекеменің ерекшелігін айқындайтын белгілер салуға болады. Ал, дінге қатысты, түрлі конфессиялық белгілер мектеп формасына рұқсат етілмейді.
Жаңа тігін фабрикасын салған «Семспецснаб» ЖШС отандық мектеп формасын өндіруге ниетті екенін білдірді.
«GOLDEN NOMAD» ЖШС «АLTYN ADAM» сауда маркасымен 3 жылдан бері ер және қыз балалардың мектеп формасын тігумен айналысып келеді. Семей қаласындағы филиал директоры Еділ Ахметовтың айтуынша, мектеп формасының жаңа стандарты бекітілгеннен кейін клиенттер саны артып кеткен.
«Биыл Семей мектептерінде балалары оқитын көптеген ата-аналармен ынтымапқтастаса бастадық. Олардың жағдайлары мен жаңа стандартқа сәйкес, біз сапалы, ыңғайлы және стильді мектеп формасын тігеміз. Бағасы жас ерекшеліктеріне байланысты. Мысалы 34 өлшемге дейін 11 800 теңге болады. 36 өлшемнен бастап 15 900 теңге. Бұл базар бағасынан да арзан»,-деп атап өтті Е.Ахметов