ҚР-да Дінаралық диалогты нығайтуға қосқан үлесі үшін медалімен және сыйақысымен марапаттауды үш жылда бір рет өткізу жоспарлануда

01.06.2016 2424

Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі аясында тапсырылатын «Дінаралық диалогты нығайтуға барынша үлес қосқаны үшін» сыйақысымен және медалімен марапаттауды үш жылда бір рет ұйымдастыру жоспарлануда, деп хабарлады ҚР мәдениет және спорт министрінің орынбасары Марат Әзілханов Астанадағы әлемдік және дәстүрлі діндер съезі хатшылығының ХV отырысында.

«Бір жылдың ішінде, өткен съезден кейін Әлем және келісім музейі мен съез марапаты тұжырымдамасы жасалған болатын. Тұжырымдама осы жылдың 30-шы мамырында хатшылықтың жұмыс тобымен талқыланып, қабылданды. Аталмыш сыйақы мен медаль әлемдік және дәстүрлі діндердің белсенділері мен көшбасшыларына, қоғамдық-саяси қайраткерлер мен ұйымдарға «Дінаралық диалогты нығайтуға барынша үлес қосқаны үшін» берілетін болады»,-деді М.Әзілханов.

Оның айтуынша, медаль мен сыйақыға үміткерлерді анықтау дін лидерлері кеңесімен, Съезд хатшылығының басшыларымен, ұлттық, шетелдік халықаралық дін ұйымдарымен бірге өткізілуі тиіс. Осыған байланысты бұл ұйымдар дінаралық қатынас мәселелерімен айналысулары қажет екені баса айтылды.

Анара Таныркулова