9 ақтөбелік әскери қызметкерге «Мінсіз қызметі үшін» медальдары тағылды

06.05.2016 2419

Отан қорғаушы күні қарсаңында № 6655 әскери бөлімінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен мерекелік шара ұйымдастырылды, деп хабарлады «Ақтөбе ақпарат» орталығы.

Оған мемлекеттік мекемелер жетекшілері, Ақтөбе әскери гарнизоны мен құқық қорғау органдары басшылары, Ұлы Отан соғысы және ІІМ ардагерлері, жалпы білім беру ордаларының оқушылары қатысты.

Өңір басшысы бұл мерекенің тойлануы біздің мемлекеттің қазақстандық әскерге, сонымен бірге, қарулы күштерді материалды-техникалық қамтамасыз етуді жақсарту мен әскери қызметкерлерді әлеуметтік қамтуға ерекше көңіл бөліп отырғанын жеткізді.

Шара барысында Бердібек Сапарбаев өңірде орналасқан әскери гарнизондардың 9 әскери қызметкеріне «Мінсіз қызметі үшін» медальдарын табыс етті. Бірқатар сарбаздар мен офицерлер облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Бұл күні ішкі істер органдарының ардагерлері де марапатталды. Салтанатты шарадан кейін № 6655 әскери бөлімнің күшімен ұйымдастырылған мерекелік шеру өтті.

Сонымен бірге бұл күні облыс басшысы ақтөбелік гарнизондағы арнайы техникамен, жауынгерлердің қарулануы және арнайы жасақ бөлімшелерінің мүмкіндіктерімен танысып шықты. Бердібек Сапарбаев жауынгерлердің ботқасынан да дәм татты.