ИИДМБ: Түркістанда құны 14 млрд. теңгеден асатын 5 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда
Түркістанда күн көзінен қуат алатын станция салынбақ. Венгриялық инвесторлардың іс бастауына 197 гектар жер бөлінді. Инвестициялық жоба құны - 72 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев кешегі өткен брифингте хабарлады.
Бұдан бөлек, көне шаһарда Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының Индустрияландыру картасы аясында құны 14 млрд. теңгеден астам 5 жоба жүзеге асырылып, жаңадан 244 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл жобалардың ішінде жиһаз шығару, шыны пластикалық арматура шығару зауыты, түйе сүтін өндеу арқылы арнайы таблеткалар шығаратын зауыт, темір-бетон бұйымдары, құрылыстың құрғақ қоспаларын шығаратын зауыт пен мастика шығаратын зауыттар қарастырылған.
Сонымен қатар, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпіліс беретін жобалардың бір қатары 40 гектар жеріне инфрақұрылымы жүргізілген индустриялды аймақта іске аспақ. Онда жалпы құны 7688,7 млн. теңгені құрайтын 11 жобаны 33,4 гектар жерге орналастыру мақұлданған, оларда 499 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Баспасөз мәслихатында баяндамашы, Түркістандағы туризм саласын дамытудың жаңа жобасы қолға алынып жатқандығын мәлімдеді. Онда ол, Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Түркістан қаласында тарихи-мәдени туризмді қалыптастыруда «Көне Түркістан» атты концепция жасалынғанын айтты.
«Ол концепцияда қаланың әкімшілік-іскерлік орталығын қазіргі қаланың Шымкент бағытына шыға берісіне көшіріп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан маңдағы құрылыстарды реттеу аумағын туристік орталыққа айналдыру жоспарланып отыр. Осыған сәйкес, бірнеше жобалар әзірленді. Жобада келешекте әкімшілік іскерлік орталықты көшіруді негізге ала отырып, бюджет қаржысын тиімді пайдалану мақсатында осы аумақта орналасқан тұрғын үйлердің жеке кәсіпкерлердің жарамды ғимараттарын (1-2 қабаттан тұратын) қайта жарақтандыра отырып, туристерге қызмет көрсету орталығын қалыптастыру жобасы ұсынылып отыр. Бұл жоба 3 кезең бойынша іске асырлатын болады»,-деді Ә.Өсербаев.