Өскемен қаласында жаңа тұрғын аудан салынады
05.04.2016
2572
Өскемен қаласының Халифа Алтай мешітінің және жуырда ашылған оңалту орталығының маңында жаңа тұрғын аудан салынады. Онда 12-16 қабатты заман талабына сай көріктендірілген көпқабатты үйлер бой көтереді.
Бұл жайлы «ШҚО Ақпараттық орталығы» АКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мәди Отарбаев мәлімдеді.
« Өскемен қаласы облыс орталығы болғандықтан, көркейтуге көптеп күш жұмсалып жатыр. Осы орайда облыс басшылығының тапсырмасы бойынша жаңа аудандағы үйлердің сәулеті заманауи талаптарға сай көріктендіріледі. Қазір 19 шағын ауданның өзінде 9-12 қабатты үйлер салынса, жаңа аудандағы үйлер 16 қабатқа дейін болады», – деді Мәди Отарбаев.
Қазіргі таңда тек жоба ретінде құрылған ауданның құрылысы 2016 – 2017 жылдар аралығында басталады деп күтілуде. Үйлердің мағында автотұрақпен қатар, саябақ орналастырылып, тұрғындарға жағымды жағдай жасалады.