Мәжілісте коллекторлық қызмет туралы заң жобасының таныстырылымы болды

05.04.2016 1799

ҚР Парламент Мәжілісінде ҚР Ұлттық Банкі «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасын таныстырды.

Заң жобасы әлеуметтік тәуекелдерге ұшырайтын банктік кредиттеу және микроқаржыландыру секторында туындайтын мерзімі өткен берешекті өндіріп алу барысындағы коллекторлық агенттік, кредитор және борышкердің арасындағы өзара қатынастарды реттеуге бағытталған.

ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметовтің айтуынша, заң жобасы арқылы коллекторлық қызметтер нарығын дамытуға қолайлы құқықтық жағдайлар жасалып, мерзімі өткен берешекті өндірудің тиімділігі қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, халықтың коллекторлық қызметке сенімділігін арттырып, әлеуметтік  шиеленістерді төмендету да қарастырылып отыр.

«Заң жобасында коллекторлық агенттіктерді ҚР Ұлттық банкі реестрінде міндетті түрде тіркеу туралы норма көзделіп отыр. Бұл олардың қызметін айқын әрі жария етеді. Сонымен қатар, Ұлттық банктің өкілеттілігі бекітіледі. Ұлттық банкке бақылау функциялары, коллекторлық қызметті шектеуге әсер ету шаралары мен талаптарды орындамаған коллекторлық агенттіктерге қатысты санкция қолдану құзыреті беріледі», - деді А. Ахметов.

ҰБ өкілінің сөзіне қарағанда, заң жобасының басым міндеттеріне коллекторлық агенттіктердің асыра сілтеушіліктерінен борышкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету нормалары кіріп отыр. Бұдан бөлек, көлеңкелі коллекторлық агенттіктерді болдырмау, коллекторлық қызметтің айқындылығын және олардың борышкерлермен өзара қатынастарының қауіпсіздігін арттыру мәселелері де қарастырылады.  

 

Индира Кауметова