Мұғалжар ауданында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақтандыру қоры ашылды
Тұрақтандыру қорының сыйымдылығы 150 тонна. Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен баспасөз конференциясында Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтов хабарлады.
2015 жылдың қорытындысы бойынша Мұғалжар ауданының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 1,3 мың тонна астық, 46 тонна майлы дақыл, 4,1 мың тонна картоп, 2,7 мың тонна көкөніс пен бақша өнімдерін өндірді.
“Суармалы жер көлемін 150 гектардан 554 гектарға дейін кеңейту нәтижесінде картоп және өзге де көкөніс көлемін арттыру көзделіп отыр. Тұрғындарды көкөніспен жыл он екі ай қамтамасыз ету мақсатында жалпы көлемі 2 гектар болатын 2 жылыжай ашылды. Мұндай жылыжай Қандыағаш қаласында бар. Оның өнімдері жергілікті сауда орындарына шығарылады”, - деп атап өтті Серік Шаңғұтов.
Жалпы алғанда, 2015 жылы өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері көлемі 11,7 млрд. теңгеден асты. Оның ішінде мал шаруашылығы өнімдері 7,5 млрд. теңге.
“Жыл сайын Мұғалжар ауданында мал басы саны артып келеді. Сәйкесінше, мал шаруашылығы өнімдері көлемі артуда. Осы жылы Талдысай ауылдық округі аумағындағы мал бордақылау алаңының қуаттылығын 600 бастан 1,5 мың бас малға дейін арттыру керек. Ембі қаласында мал сою цехы, Жем қаласында сүт өнімдерін өндіретін шағын цех ашылады. Ешкі сүті мен ара балын өндіретін шағын фермалар ашу жөнінде келіссөздер жүргізілуде”, - деді Серік Шаңғұтов.
«Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында Мұғалжар ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге 2015 жылы 810,6 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. 2014 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 177 пайызға артық.
Сонымен қатар, 2015 жылы ауыл шаруашылығы саласына 113,2 млн теңге көлемінде инвестиция жұмылдырылды. 2016 жылы ауыл шаруашылығына 300 млн теңге көлемінде инвестиция тартылады деп жоспарланып отыр.