ҚР-ның 14 облысында «жасыл» технология саласының жобалары жүзеге асырылады
ҚР-ның 14 облысында «жасыл» технология саласының жобалары жүзеге асырылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында "Жасыл" экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы басқармасының төрайымы Салтанат Рақымбекова айтты.
«Соңғы 6-7 жылда елімізде БҰҰ-ның даму бағдарламасының аясында көптеген гранттық жобалар іске асырылып жатыр. Үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асырып жатқан бұл жобалар жақсы тәжірибе. Бұл жобалар әлеуметтік сала нысандарында қолға алынды», - деді ол.
«Бүгінде энергия үнемдейтін терезелер, ыстық сумен қамтамасыз ететін күн коллекторлары орнатылған мектептер, ауруханалар көп. Электр энергиясын тарататын панельдер, жылу беретін пештер бар. Осы технологияларды пайдалану коммуналдық қызметтердің төлемақысын үнемдеуге мүмкіндік береді. Осы мүмкіндікті бизнес пайдалануы тиіс", - дейді С.Рақымбекова.
Оның айтуынша, бизнес-нысандарда қазіргі уақытта "жасыл" технологияларды енгізген аса тиімді.
Қаңтар айында Инвестициялар және даму министрлігі энергия-сервистік компанияларды дамытуды қолдайтын құжат қабылдады.
«Бұл компаниялардың міндеті нысандарға энергиялық тиімді технологияларды ұсыну болып табылады. Бизнеске де, әлеуметтік нысандарға да қолайлы болу үшін коалиция Энергетика министрлігімен бірлесіп, өткен жылдан бастап Қазақстандағы "жасыл' компаниялардың тізбесін жүргізеді", - деп атап өтті ол.