ҚР ОСК сайлау бюллетеніне саяси партиялардың атауларын енгізу бойынша жеребе тартуды өткізді (ФОТО)
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында сайлау бюллетеніне саяси партиялардың атауларын енгізу бойынша жеребе тартылды.
Ортсайлаукомның «Сайлау бюллетеніне саяси партиялар атауларын енгізу туралы жеребе өткізудің Ережесін бекіту туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен белгіленген Ережеге сәйкес жеребе тарту ҚР ОСК-да өткізілді. Оған партиялық тізімдерін ұсынған барлық саяси партиялардың өкілдері қатысты.
Рәсім келесідей тәртіпте өткізілді. Мөлшері және түсі бойынша бірдей конверттерге ҚР ОСК хатшысы Б. С. Мелдешов партиялық тізімдерін Ортсайлауком тіркеген партиялардың санына тең, реттік нөмірлер салынған парақтарды салды. Бұл ретте бір конвертте нөмірмен тек бір парақ қана болды.
Конверттер желімделіп, араластырылды және барлық қатысушылар көре алатындай қашықтықта орналасқан столда жайылды.
Содан кейін әрбір саяси партияның өкілі олардың партиялық тізімдерінің тіркелу тәртібі бойынша кезекпен столдан кез келген конвертті алып, оны ашып, нөмір жазылған парақты алып жария етті.
Конверттегі нөмір саяси партияның сайлау бюллетеніне енгізілетін нөмірі болып табылады.
Жеребе тартуды өткізу қорытындыларына сәйкес 2016 жылғы 20 наурызда дауыс беруді өткізу кезінде саяси партиялардың атаулары сайлау бюллетеніне мынадай тәртіпте енгізіледі: «Нұр Отан» партиясы-1, Қазақстан Коммунистік халық партиясы-2, Қазақстанның «АҚ ЖОЛ» Демократиялық партиясы-3, «Бірлік» Саяси Партиясы-4, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы-5, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы-6.
Осыған орай, кейбір партияның төрағалары ағымдағы жағдайды айтып өтті. Мысалы, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев: «Біз әрине сайлаудың лотерея емес екендігін жақсы түсінеміз. Оның нәтижесі таңдап алынған нөмірге байланысты емес, керісінше сайлаушыға сенген сенімнің рөлі үлкен. Мен әріптестерімді жеребе тартудың өтуімен құттықтаймы».
Өз кезегінде, «Бірлік» Саяси Партиясының мүшесі Роза Қуанышбаева: «біз 4-ші нөмірді алдық, кейбір халық айтатындай, 8 саны шексіздіктің белгісі, ал біз соның жартысын алдық. Жақсы нәтижеге сенеміз».
Естерінізге сала кетейік, 2016 жылы 20 наурызда Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейлі мәслихаттың мерзімінен бұрын сайлауы өтеді.
Ботагөз Айтжанова