Г. Әбдiқалықова Қазақстандағы БАӘ Елшiсiмен кездестi

11.02.2016 3235

Бүгiн Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы Гүлшара Әбдiқалықова елiмiздегi дипломатиялық қызметiнiң аяқталуына орай, Қазақстандағы Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiнiң Төтенше және өкiлеттi Елшiсi Сухейл Матар әл-Кетбимен кездестi.

Кездесу барысында Мемлекеттiк хатшы БАӘ араб әлемiндегi және Парсы Шығанағы аймағындағы Қазақстанның негiзгi серiктесi екенiн атап өттi. Г. Әбдiқалықова елшiге БАӘ Үкiметiнiң Астанадағы "ЭКСПО-2017" көрмесiне қатысатынын растағаны үшiн ризашылығын бiлдiрдi. Сондай-ақ, мемлекеттiк хатшы БАӘ-нiң Қазақстанда iрi инвестор болып қала беретiнiн айтты.

"Астанадағы құны 1,6 млрд долларды құрайтын "Абу Даби Плаза" көпфункционалды кешенiнiң құрылысы, капиталдандыруы 176 млн долларды құрайтын ТМД және Қазақстан аумағындағы тұңғыш рет қызметiн бастаған "AL Hilal" Ислам банкi, "Falah Growth Fund" бiрiккен инвестициялық қоры белсендi ынтымақтастықтың жарқын үлгiсi болып табылады», - дедi Г.Әбдiқалықова.

Ал елшi екi ел арасында тығыз қарым-қатынас орнағанын айтты.

"Оның негiзiн салған қос мемлекеттiң президенттерi. Екi ел арасындағы байланыс барлық салада дамыған және әрi қарай қарқынды дами түспек", - деп мәлiмдедi Қазақстандағы БАӘ елшiсi.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен БАӘ ынтымақтастығының бүгiнгi жай-күйi және келешегiне қатысты ауқымды мәселелер мен өңiрлiк және халықаралық күн тәртiбiндегi өзектi жайттарды талқылады. Сондай-ақ, мемлекеттiк хатшы елшiге атқарған жұмысы үшiн алғысын бiлдiрiп, жаңа қызметiне табыс тiледi.