Павлодар облысында 2015 жылы 20 әлеуметтік нысан салынды

09.02.2016 2118

Павлодар облысында 2015 жылы 20 әлеуметтік нысан салынды, ол өткен жылғымен салыстырғанда 1,5 есеге көп, деді Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев ОКҚ-да.

«Жалпы, 2015 жылы облыстағы құрылыс жұмыстары өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп орындалды. 20 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды», - деді ол.

Облыста 5 мектеп салынды, оның 4 ауылдық жерде бой көтерген.

Бүгінгі таңда Павлодар облысының Екібастұз қаласында 1200 орынға арналған мектептің құрылысы жалғасуда.Қазір өңірде білім беру жүйесі 401 жалпы білім беретін мектепті, 49 техникалық және кәсіптік білім беру мекемесін қамтиды. Бүгінде білім ошақтарындағы компьютерлік паркі 20,2 бірлікті құраса, негізгі және жалпы орта білім беретін 368 мектеп кең жолақты Интернетке қосылған.

«Оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдарымен жарақталу облыс бойынша 100%-ды құрайды. Өткен жылы 5 жалпы білім беретін мектеп пайдалануға берілген болса, осы күндері Екібастұз қаласында 1200 орынға арналған мектептің құрылысы жалғасуда» деді Қ. Бозымбаев.

Индира Кауметова