ҚСЗИ алғаш рет қауіпсіздік және сыртқы саясат санаты бойынша әлемдік ақыл-ой орталықтарының рейтингіне енді
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) Дүниежүзілік сараптамалық орталықтардың 2015 жылға арналған индекс-рейтингісінде бірден төрт номинациясында орын алған, деп хабарлады ҚСЗИ-дің баспасөз қызметі.
Бұл рейтинг 1989 жылдан әлемдегі алты мыңға жуық «ақыл-ой орталықтарының» қызметін талдау негізінде сараптамалық құрылымдардың жетістіктері мен олардың даму үрдістерін анықтау бойынша Пенсильвания университетінің «Сараптамалық орталықтар мен азаматтық қоғам» зерттеу бағдарламасы аясында жасалады.
Рейтингтің қорытындысы бойынша (http://repository.upenn.edu/think_tanks/10/) ҚСЗИ қауіпсіздік, қорғаныс және сыртқы саясат саласындағы 100 ең үздік зерттеу орталықтарының қатарына енді. Сонымен қатар, институт алғаш рет үздік мемлекеттік «ақыл-ой» орталықтарының тізіміне енді. ҚСЗИ бұл тізімде әлем бойынша 57-ші орынды иеленіп отыр.
Орталық Азиядағы үздік сараптамалық құрылымдардың арасында ҚСЗИ алғашқы үштікке еніп, өз орнын сақтап қалды, сондай-ақ энергетика және шикізат саясатын зерттеу саласында 33-ші орынға тұрақтады.
Бұл көрсеткіштер Қазақстандағы сараптамалық орталықтардың рөлі артып келе жатқанын көрсетеді. Отандық «ақыл-ой» орталықтарының жариялап отырған ғылыми-сарапшылық материалдарына шетелде жиі сілтеме жасалады.
ҚСЗИ ҚР Президентінің 1993 жылғы 16 маусымдағы Жарлығымен құрылды. 2014 жылдың сәуір айынан ҚР Президентінің Жарлығымен Астана қаласына көшірілді.