А.Дауылбаев: ҚР Бас прокуратурасы институционалдық реформаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуда
Өткен жылы прокуратура органдарының қызметі Мемлекет басшысының тапсырмаларын, барлық бағдарламалық құжаттарды заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі Конституцияның талаптарын сапалы орындауға, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың және мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағытталды, деді Бас Прокурор А.Дауылбаев органның алқа отырысында.
«Бас прокуратура бес институттық реформаны жүзеге асыруға белсенді түрде қатысуда. Мемлекеттік басқару жүйесін, құқық қорғау жүйесін реформалау, сондай-ақ заңдылықытың үстемдігі қағидасын қамтамасыз ету жөніндегі біздің ұсыныстарымыз Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауын тапты», - деді Бас Прокурор.
Тараптардың жарыссөздік қағидасын қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылдың бірінші қаңтарынан азаматтық істердің бес санаты бойынша (бұрын тоғыз санат болған) прокурордың міндетті түрде қатысуы алынып тасталды (26-қадам).
Үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшу жағдайында мұндай шаралар прокурорлардың күш-жігерін мемлекеттің және өз құқықтарын қорғауға мүмкіндіктері жоқ азаматтардың мүдделерін қозғайтын істердің ең маңызды төрт санатына барынша шоғырландыруларына мүмкіндік береді.
Қылмыстылықпен күрес жөніндегі жұмыстың ашықтығын және ішкі істер органдары жұмысына жұртшылық тарапынан бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитетте жұмыс істеп тұрған ақпараттық сервисі негізінде «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» интернет-порталы жасалуда (32-қадам).
«Қазіргі уақытта сервис барлық облыс орталықтары, Астана және Алматы қалалары, сондай-ақ 20 моноқаланы қамтып отыр.Жобаны толыққанды жүзеге асыру үшін 7 моноқала және 250-ден астам аудан орталығын қосу қажет. Оның толық қызмет етуі биылғы жылға жоспарланған», - деді А.Дауылбаев.