Ақтөбенің денсаулық сақтау саласында МЖС бойынша жаңа орталық станция салынады (ФОТО)

15.01.2016 2639

Ақтөбе облысы әкімдігі мен түріктің «Hemogens Health Care» компаниясы арасында жасалған меморандумға сәйкес екі жақты ынтымақтастық орнату жоспарланып отыр, деп хабарлады облыстың ішкі саясат басқармасы.

Түрік кәсіпкерлері 2016 жылдың өзінде Орталық жедел жәрдем станциясының құрылысы мен жабдықтауға, 35 санитарлық автокөлік алуға 3,5 млрд теңге бөлмек.

Сондай-ақ жедел көмек көрсетуге арналған  бірыңғай қалалық ақпараттық-сараптамалық диспечерлік орталығын құру жұмыстары мен медицина қызметкерлерінің білімін жетілдіру, дәрі-дәрмек шығару жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ компания 2020 жылы 2 млрд. теңге қаржыны  реанимобиль мен медициналық жабдықтарды жаңартуға бөлмек.

Құжатқа қол қояр алдында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтағы денсаулық сақтау  саласының жетістіктері мен проблемалары, атап айтқанда аймақтарға жедел медициналық жәрдем көрсету жағдайы туралы айтып өтті.

«Hemogens Health Care» компаниясының бас директоры Наджие Арпаджы өз кезегінде компанияның  Түркия мен  БАӘ елдерінде  аталған жобаларды жүзеге асыруда үлкен тәжірибесі бар екендігін атап өтті.

Жоба 8 жылға жоспарланған. Жаңа нысан үшін әкімдік Ақтөбенің жаңа құрылыс алаңынан 2 гектар жер бөледі. Облыс әкімі екіжақты ынтымақтастық аясында аймақтың денсаулық сақтау саласы дамитынына сенім білдірді.