Н.Құлбатыров: Қазақстан кәсіпкерлікті зерттеудің әлемдік тізіміндегі Орта Азия өңiрiндегi алғашқы мемлекет

18.12.2015 3603

Қазақстан кәсіпкерлікті зерттеудің әлемдік тізіміндегі Орта Азия өңiрiндегi алғашқы мемлекет.Бұл жөнiнде ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика министрлiгi жанындағы «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Кәсiпкерлiктi дамыту орталығының директоры Нұрлан Құлбатыров мәлiмдедi.

«Елбасы өз Жолдауында және «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспарында елiмiзде кәсiпкерлiктi дамыту, оны қолдау және iскерлiк климатты одан әрi жақсартуға байланысты бiрнеше басым бағыттарды атап көрсеттi. Олар елiмiздiң негiзгi стратегиялық бағыттары болып табылады. Осы орайда, ҚР Үкiметi, Ұлттық экономика министрлiгi реформаларды бастап та кеттi және кез келген реформаны бастамас бұрын ауқымды ақпараттық-сараптамалық зерттеулер жүргiзiледi. Сондай зерттеулердiң бiрi – осы «Кәсiпкерлiктi жаһандық бақылау» (Global Entrepreneurship Monitor - GEM) деп аталатын жоба. Бұл жобаға Қазақстан Республикасы 2014 жылы алғаш рет қатысып отыр. Бұған дейiн 2007 жылы пилоттық үлгiде қатысқан болатын», - дедi сарапшы.

Н.Құлбатыров осы жылғы жобаның алғашқы жетiстiктерiне тоқталып, бұл зерттеу әлемдiк бизнес мектептерiнiң бастамасы болып табылатынын айтты.

«Сонымен қатар, жобаға әлемнiң 72 мемлекетi қатысады, бұл әлемдiк жалпы iшкi өнiмнiң 90%-ын құрайды және әр жылдарда бұл жоба бизнес-ортаны жақсартуға байланысты шешiмдер қабылдаудың тиiмдi құралына айналды. Қазақстан аталған жобаға қатысып отырған Орта Азия өңiрiндегi алғашқы мемлекет. Қазақстанның осы зерттеу аясындағы алғашқы жетiстiктерiне тоқталсақ, Қазақстан 13,7% кәсiпкерлiк белсендiлiктi көрсетiп отыр. Қазақстандағы кәсiпкерлердiң 1/3 бөлiгi жалақыға балама ретiнде немесе жұмыстың болмауы салдарынан бизнеспен айналысса, ер адамдар өз қалауы емес, қажеттiлiгi бойынша бизнеспен айналысатыны мәлiм болды», - дедi ЭЗИ өкiлi.