Қазақстанда қызамықпен сырқаттану көрсеткіші 77 есеге азайды - ДСӘДМ
2015 жылдың 11 айында Қазақстанда қызамықпен сырқаттанудың көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 77 есеге азайып, 100 мың тұрғынға шаққанда 2 жағдай тіркелді, деп хабарлады Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі.
Қазақстанда халықты жоспарлы түрде қызамыққа қарсы иммунизациялау қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы құрамдастырылған вакцинациялау арқылы жүргізіліп келеді. Бұл ҚР Профилактикалық егу ұлттық күнтізбесіне кіреді.
Вакцинациялау нәтижесінде соңғы 20 жылда республикада қызамықпен сырқаттану деңгейі 1300-ден астам есеге азайды.
Қызамық – ауру адаммен тығыз қатынаста болғанда ауа-тамшылы жолмен жұғатын респираторлық вирусты жіті инфекция. Жүкті әйелдер үшін қызамық ауруы өте қауіпті. Себебі, құрсақтағы нәресте 85%-ға дейін ауыр зақымдануы мүмкін. Сонымен қатар, дамудың ауытқушылық үштігі түріндегі (жүректің қолқалық кемістігі, катаракта, саңыраулық) туа біткен қызамық синдромы туындайды. Орталық жүйке жүйесінің, микрофтальмгения, гемморагиялық синдром (тромбоцитопения нәтижесінде), зәр шығару және ас қорыту жүйелері дамуының кемістігі мен қаңқаның зақымдануы да аз кездеспейді.
Вакцинациялау – қызамықтың алдын алу бойынша бірден бір тәсіл болып табылатынын атап айту керек. Қазақстанда халықты аталған ауруға қарсы иммунизациялау екі мәрте жүргізіледі: 12 мен 15 ай аралығындағы жаста және 6 жаста.