ҚР Қорғаныс министрі әскери-дипломатиялық корпусты қабылдады (ФОТО)
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов әскери-дипломатиялық корпусты салтанатты түрде қабылдады, деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
«Тәуелсіздік – тәуекел еткеннің ғана тағдырына бұйыратын бақыт. Сол үшін де ол қай мемлекеттің болсын ең басты саяси құндылығы саналады». Бұл біздің халқымызға ғасырлар бойы армандаған «егемендік пен еркіндікті» қарудың күшімен емес, салиқалы ісімен, қақтығысқан қолмен емес, бейбіт жолмен әкелген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзі.
Сондықтан да біздің еліміз үшін Тәуелсіздік – баға жетпес байлық болса, әскеріміз үшін – қасық қаны қалғанша қорғайтын асыл мұра. Осынау еңселі жылдары біз жаңа қорғаныс жүйесінің негізін қалап, қазақ армиясының заманауи бейнесін, айбыны мен қуатын арттырдық. Қазақстанның бүгінгі Қарулы Күштері – жаугершілік пен соғыстың құмары емес, бейбітшіліктің тұмары! Басқыншы әскердің өкілі емес, қауіпсіздіктің кепілі! Енді міне, біз туған жеріміздің осынау біртұтастығын сақтай отырып, бүгін осында мерекемізбен бөлісуге арнайы келген Сіздердің елдеріңізбен қауіпсіздік пен қорғаныс саласында тиімді дипломатиялық әріптестік орнатып отырмыз. Бұл орайда, ел мен елді, жер мен жерді жалғап, ынтымақтастық пен әріптестіктің туын байлаған Сіздердің ерекше миссия – жауапты қызметтеріңіздің мәні де, маңызы да бөлек», - деді ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов.
Ол әскери-техникалық ынтымақтастықты дамыту елдерімізге әскери-дипломатиялық қарым-қатынастың анағұрлым жоғары деңгейіне шығуға мүмкіндік береді деп атап өтті. Сөзсіз, Қазақстанның Қарулы Күштері бұл бағытта серіктес мемлекеттермен бейбітшілікті қолдау жөніндегі бірлескен іс-қимылдарға әзір. Осы жыл ішінде Ресей, АҚШ, Қытай, Түркия және өзге де мемлекеттермен 10-нан аса халықаралық әскери оқу-жаттығу, жоғары деңгейдегі 15 ірі кездесу мен сапарлар өткізілді, оның қорытындысы бойынша нәтижелерге қол жеткізілді және маңызды шарттар жасалды», - деді Иманғали Тасмағамбетов.
Сонымен бірге, ол қорғаныс-өнеркәсібі кешені, ғылымды көп қажет ететін өндіріс пен технология трансфертін дамыту тақырыбын қозғап, әскери атташе мен қорғаныс ведомстволарының ресми өкілдерін Астанада келесі 2016 жылдың жаз мезгілінде өтетін «КАДЕКС-2016» қару-жарақ, әскери техника мен мүліктің IV халықаралық көрмесіне қатысуға шақырды.