А.Дауылбаев: Қазақстан халықаралық түрме рейтингісіндегі позициясын 57-ші орынға жақсартты
Қазақстан халықаралық түрме рейтингісіндегі позициясын 57-ші орынға жақсартты, деп хабарлады ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев «Ресоциализация: Сен қоғамға керексің!» түрме реформасының үшінші форумы барысында.
«ІІІ Форумды біз ең өзекті әрі өте күрделі мәселе – сотталғандарды ресоциализациялауға арнап отырмыз. Ресоциализация дегеніміз – сотталғандарды қоғамдағы өмірге қайтаруға бағытталған кешенді шаралар. Бұл қамаудағыларды жаңа құндылықтарға, мінез-құлық ережелеріне үйрету процесі», - деді ҚР Бас прокуроры.
Айта өтейік, І форум 2013 жылы өтті. Ол «түрмедегілерді» азайтудың 10 шарасы» Жобасына арналды. Себебі - Қазақстан ұзақ жылдар түрме индексі бойынша АҚШ пен Ресейден кейін әлемдегі жетекшілердің үштігінде болды.
«1995 жылы Қазақстан түрмедегі азаматтардың индексі бойынша жан басына шаққанда әлемде үшінші орында тұрды. 2013 жылы 33 орынға ауыстық. Бүгінде Қазақстан халықаралық түрме рейтингісіндегі позициясын 57-ші орынға жақсартты. Біз Латвия, Эстония мен Сингапур сынды елдермен тең келдік», - деп түсіндірді ҚР Бас прокуроры.
Жалпы, осы кезеңде «түрме халқы» 25%-ға төмендеді – 52-ден 40 мыңға дейін. Бүгін 100 мың қазақстандыққа 233 қамаудағы келеді. Бұл 90-шы жылдарға қарағанда 2 есе, ал 80-ші жылдарға қарағанда 3 есе аз.
Индира Кауметова