А.Айтжанова: ҚР-да тауарлар төмен баж салығы бойынша импортталуы мүмкін

24.11.2015 3885

ҚР-да тауарлар төмен баж салығы бойынша импортталуы мүмкін, деді экономикалық интеграция министрі Жанар Айтжанова Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында.

«Бүгін Сенаттың Бас комитетінде Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі барысында қабылдаған міндеттемелерін іске асыруға жағдай жасайтын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше 5 мемлекеттің басшысы 16 қазанда Бурабай қаласында қол қойған хаттаманы депутаттардың назарына ұсындық. Бұл хаттама бойынша Қазақстан ДСҰ-ға кірген жағдайда осы ЕАЭО-ға мүше бес мемлекет қолданып отырған бірыңғай импорттық баж деңгейінен басқаша міндеттемелер қабылданған болатын. Мысалы, біздің міндеттемелеріміз бойынша Қазақстан 4 мың тауарлық позицияға жеңілдетілген немесе ЕАЭО қолданып отырған бірыңғай тарифтен төмен деңгейдегі импорттық баж қолданатын болады», – деді Ж.Айтжанова.

Министрдің айтуынша, осы процестердің нәтижесінде еліміздегі дәрі-дәрмектер мен емханаларда пайдаланылатын құрал-жабдықтар үшін Қазақстан өз тарапынан 0%-дық импорттық бажды қолданатын болады және қазір 5%-ды құрайтын импорттық бажды төмендету кезең-кезеңімен жүріп, бес жылда межелі 0%-ды құрайтын болады.

«Одан басқа, азық-түлік пен көлік үшін де Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болғаннан кейін қолданатын импорттық баж деңгейі қазіргіден төмен болады. Мысалы, егер, жеңіл көлік жайлы айтсақ, олар үшін ЕАЭО қолданып отырған 25%-дық импорттық баж деңгейі 15-18% шамасында болмақ. Мұның барлығы еліміз аталған ұйымға мүше болғаннан кейін қолжетімді болатын мүмкіндіктер. Айта кету керек, қазанның 15-не дейін біз барлық ратификациялау процесін аяқтадық және Дүниежүзілік сауда ұйымының хатшылығына біздің ратификацияланған құжаттар пакетін ұсындық. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымының толық мүшесі болуы ресми түрде осы жылдың 15 желтоқсанында Найроби қаласында өтетін ДСҰ министрлік деңгейіндегі конференциясында жарияланатын болады», – деді ол.