Мәжілісте бағалы металдар мен асыл тастар туралы заң жобасы мақұлданды
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасының мақсаты бағалы металдар мен асыл тастарды өндіру және олардың айналымы, бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды мемлекеттік реттеу және бақылау болып табылады. Бұдан бөлек, Қазақстанда зергерлік өнеркәсіпті дамытуға жағдай жасалып, осы бағытта туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеудің бірыңғай заңнамалық негізі қалыптасады.
«Ұлттық банк бағалы металдар активтерін толықтыру үшін, бағалы металдар өндірісі субъектілерімен және қайта өңдеу нәтижесінде меншік иелері болған тұлғалармен аффинирленген алтынды сатып алу жөнінде мәмілелер жасасуға мемлекеттің басым құқығы белгіленеді», - деді Парламент Мәжілісінің қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Николай Кузьмин.
Мәжілісменнің айтуы бойынша, аталмыш құжатта Қазақстанның аумағында өндірілген және өткізілетін бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалау, оларды таңбалау міндеті қарастырылады. Ондай атаулы таңбалар уәкілетті ұйымда тіркелуге міндетті болады.
Сондай-ақ, заң жобасында Үкіметтің, Ұлттық банктің, бағалы металдар мен асыл тастар айналымы саласындағы уәкілетті органның құзыретін айқындап, осы саладағы заңнаманы бұзғандарға жауаптылық белгіленеді.
Индира Кауметова