Макроэкономикалық тұрақтылық – инвестиция тартудың ең басты факторы

06.11.2013 5560

EY компаниясы өткізген Қазақстанның инвестиция тарту мүмкіндігінің жыл сайынғы зерттеу қорытындысы бойынша, елімізде жұмыс істеп жатқан инвесторлардың 84 пайыз респонденті мемлекеттің инвестиция тартуына ең басты фактор ретінде макроэкономикалық тұрақтылықты атайды.

«Елімізде жұмыс істеп жатқан инвесторлардың 84 пайыз респонденті мемлекеттің инвестиция тартуына ең басты фактор ретінде макроэкономикалық тұрақтылықты атайды. Әлемдік экономикалық  дағдарыс  Қазақстанды айналып өтіп, бар болғаны экономикалық  дамудың қарқынын бәсеңдетті, банктік несиелердің қолжетімділігін азайтты. 2009 жылы үкімет экономикалық жетілудің бірқатар шараларын қолға алды.Көптеген респонденттердің ойынша, үкімет  қабылдаған дағдарыстың алдын алу шаралары мен қол жеткізген  макроэкономикалық тұрақтылық елдің  үлкен жетістігі болып табылады», - делінген хабарламада.

Экономикалық құлдырауларға қарамастан, Қазақстан ЖІӨ көлемін 1,2%-ға арттыра алды. 2009 жылдан бастап ЖІӨ көлемі тұрақты өскен, атап айтсақ, 2010 жылы 7,3%, 2011 жылы 7,5% және 2012 жылы 5%-ға көтерілген.

Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) дайындаған «Жаһандық бәсекеге қабілеттілік, 2012-2013 жылдар» (Global Competitiveness Report 2012—2013) баяндамасына сай, Қазақстан 144 елдің ішінде макроэкономикалық тұрақтылық көрсеткіші  бойынша  16-ыншы орынға табан тіреген. Ал 2012 жылдың қараша айында Fitch дүниежүзілік рейтингтік агенттік Қазақстанның  рейтингін BBB+ дәрежесіне көтеріп, «Тұрақты» деген баға берген.

«Біздің зерттеуіміз көрсеткендей, Қазақстанда жұмыс істейтін инвесторлардың  80 пайыз респонденті елдегі саяси және экономикалық тұрақтылыққа өте жоғары баға береді. Economist Intelligence Unit-тің «2009-2010 жылдардағы саяси тұрақсыздық индексі» баяндамасына сай, Қазақстан әлемдегі саяси тұрақты 50 елдің тізіміне енеді», - деп хабарлайды EY компаниясы.

Сонымен қатар, инвесторлар Қазақстанның инвестиция тартуына қызығушылық тудыратын фактор ретінде телекоммуникациялық инфрақұрылымның жеткілікті дәрежеде болуы, бәсекеге қабілетті салық салу жүйесі мен елдің тұрақты даму көрсеткішін атайды.

Ал кері әсерін тигізетін жағдай ретінде кәсіпкерлік ашудың қиындығы, транспорттық-тасымалдау инфрақұрылымының жеткілікті дәрежеде дамымауын алға тартады.