Қытайда Транскаспий халықаралық көлік бағдарының мүмкіндіктерін дамыту талқыланды

10.11.2015 3308

Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту (ТХКБ) мәселесіне байланысты «дөңгелек үстел» Чунцин (ҚХР) қалсында өтті, деп хабарлады «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Талықлауға Қазақстан, Қытай, Әзірбайжан, Грузия көлік-логистика компанияларынан келген темір жол, теңіз әкімшіліктерінің өкілдері қатысты.  Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) – Каспий өңіріндегі елдердің дамуы мен көлік әлеуетін арттыру мақсатында жасалған жоба. Аталған бағдар Қазақстан арқылы Қытайдан Каспий теңізіне, Әзірбайжан, Грузия, Турция, Еуропаға барады. 

Биылғы жылдың шілде айында Қытай (Шихези) – Қазақстан (Достық-Ақтау порты) – Әзірбайжан (Кишлы) бағдарында қатынайтын алғашқы «Nomad Express» контейнерлік пойызы іске қосылды. 4726 шақырым қашықтықты пойыз небәрі 6 тәулікте жүріп өтті. Бүгінде «Nomad Express» контейнерлік сервисін Қытай-Қазақстан-Әзірбайжан – Турция (Ыстамбұл) бағдарында ұйымдастыру бойынша қытай тараптарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ логистика жөніндегі басқарушы директор Арман Сұлтановтың айтуынша, 2020 жылға дейін Қытай-Турция бағдарындағы транзиттің орташа әлеуеті 180 мың ЖФЭ-ге жетеді.

Ол сондай-ақ, мультимодальді көлік тізбегіндегі елдер – комитет қатысушылары бірлесіп жұмыс істеп, нәтижесінде сапалы қызмет, қысқа мерзімде жеткізу, бәсекеге қабілетті тариф саясатымен қамтамасыз еткен жағдайда ғана жобаның табысқа жететіндігін атап өтті.

Барлық бағдардың бас операторы «KTZ Express» АҚ аталған логистикалық тізбекті байланыстырушы болып табылады. ТХКБ-на қосымша жүк ағымдарын тарту бойынша серіктестермен ынтымақтастық жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, «қазіргі уақытта аталған бағдар бойынша тасымалдау үдерісіне қатысушылар арасында Халықаралық транскаспий консорциумын құрудың алғышарттары жасалуда»,- деп «KTZ Express» АҚ сауда және маркетинг жөніндігі вице-президенті Ержан Жакишев атап өтті.

Ляньюньган қаласы Үкіметінің Бас хатшысы Тай Вэй мырза Ляньюньган қаласының әкімшілік жоспарымен бөлісті. Жуық арада Ляньюньган қаласынан Турцияға ТХКБ бағдары бойынша контейнер пойызы іске қосылатынын айтты.

Осы арқылы ТХКБ жобасының әлеуеті мен мүмкіндігі мол екендігін көре аламыз. Аталған бағытта контейнер тасымалдарын ұлғайта отырып Еуразия құрлығында сауданы дамытуға, өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға жол ашады.

Осылайша, ТХКБ роуд-шоу ресми түрде іске қосылды. Кезекті кездесу 16 қараша күні Киев қаласында, Ыстамбұлда 19 қарашада және Вильнюсте 27 қараша күні өтеді. Бұл кездесу серіктестік шекараларын кеңейтуге, Оңтүстік Еуропа мен Балтық елдері нарығына шығуға мүмкіндік береді.