ҚР ҚК Құрлық әскерлері экспресс-тест арқылы үздік жауынгерлерді анықтайды
2015 жылғы қазанның 12-і мен 17-і аралығында «Отар» 40-шы әскери базасының «Мәтібұлақ» полигонында дәстүрге айналған ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің жауынгерлік даярлығының жай-күйін айқындайтын жыл сайынғы экспресс-тест өтеді, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтің талаптарына сәйкес бүгін Құрлық әскерлеріндегі жауынгерлік даярлық бойынша негізгі күш-жігер барлық мамандықтағы жауынгерлердің кәсібилігін арттыруға бағытталған. Алдағы сайыс іс жүзінде бірлестіктердің, әскер тектерінің, әскери бөлімдердің өткен жыл бойынша қайсысы үздік нәтижелерге қол жеткізгенін көрсетуі тиіс. Сынаққа әртүрлі мамандықтағы 400-ден аса әскери қызметші қатысады.
Олар: мотоатқыштар, танкішілер, десантшылар, теңіз жаяу әскерлері, артиллерияшылар, гранатаатқыштар, байланысшылар, инженерлер, сондай-ақ әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелерінің жауынгерлері. Яғни, Құрлық әскерлерінің бүгінгі қуатын құрайтын және олардың іс-қимылынан тікелей ұрыстағы сәттілік байланысты болатын барлық күштер ұсынылды. Жарысқа қатысу үшін минаатқыш батареялары, мотоатқыш, танкті және десанттық-шабуылдау взводтары, ӘШҚҚ батареялары, байланысшылар мен инженерлердің бөлімшелері барлық өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектерінен жиналып, бас қосады. Әрбір жауынгердің алдында өзінің анағұрлым жақсы қасиеттерін көрсету және өзінің взводы, бригадасы, өңірлік қолбасшылығының жеңісіне үлесін қосу тапсырмасы күтіп тұр.
Сынаманы өткізу туралы ережеге сәйкес әр жаттығуға ұпай есептелінеді, сол арқылы жалпы саны шығарылады. Есептеу нәтижесі бойынша жеңімпаздар анықталады. Құрлық әскерлерінің жауынгерлеріне 6 күн ішінде штаттық ЖӘЖМ және танк қару-жарағының барлық түрлерінен оқ атуда өздерінің қабілеттіліктерін, ал взвод командирлеріне жауынгерлікке және жылдам өзгеретін жағдайға барынша жақындатылған жағдайларда бөлімшенің атысын басқарудағы дағдыларын көрсетуге тура келеді.
Инженерлер ұрыс пен минасыздандыруды жүргізу үшін бекіністерді жабдықтауда шеберліктерін көрсетуі, байланысшылар далалық жағдайларда бөлімшелер арасындағы байланысты орнатуы, ал минаатқыш батареялары мен гранатаатқыштар атыстың бораған оғымен белгіленген объектілерді жермен жексен етуі тиіс. Айта кетейік, Құрлық әскерлеріндегі мұндай іс жүзіндегі оқу-жауынгерлік іс-әрекет бекерден-бекер қолданылмайды. Осының арқасында жылдан жылға барлық мамандықтағы жауынгерлердің жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу машығы жетілдіріледі. Бұл экспресс-тест барысында көрнекті түрде көрсетілетін болады.