«Мызғымас бауырластық-2015» ҰҚШҰ-ның ұжымдық бітімгершілік күштерінің оқу-жаттығуы аяқталды (ФОТО)

05.10.2015 3437

Армения Республикасындағы «Баграмян» полигонында «Мызғымас бауырластық-2015» ҰҚШҰ-ның ұжымдық бітімгершілік күштерінің (ҰБК) оқу-жаттығуы мәре сызығына келіп жетті, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Оқу-жаттығу шеңберінде ҰҚШҰ-ның ҰБК құрамына кіретін бітімгершілер жауапкершілік аймағында бейбітшілікті қолдау жөніндегі оларға қойылған тапсырмаларды орындады.

Қазақстанның бітімгершілік бөлімшесі Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресейдің Қарулы Күштерінің контингенттерімен бірлесіп, жергілікті жерді патрульдеу, заңсыз қарулы құралымның шабуылын тойтару, қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды залалсыздандыру және жаралыларды көшіру мәселелерін пысықтады, сондай-ақ олардың дайындық лагерін әрі қарай жоя отырып, «содырларды» бұғаттау және қарусыздандыруды орындады.

Ерекше назар бітімгершілік операцияда олардың тапсырмаларды орындауы бойынша белсенді іс-қимылдарды жүргізу кезінде бітімгершілік контингенттердің жауынгерлік үйлесуін жетілдіруге бөлінді. Практикалық іс-қимылдар барысында бейбітшілікті ұстап тұру, ҰБК бөлімшелеріне алдын ала жауынгерлік өкімдерді, ниетті жеткізу, тиісті шешім қабылдау үшін операцияны өткізу ауданын алдын ала барлау бойынша тапсырмалар пысықталды. Аталған оқу-жаттығуға 600-ден астам адам, шамамен 50 бірлік техника, оның ішінде тікұшақтар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары тартылды.

«Мызғымас бауырластық-2015» оқу-жаттығуы осы жылға арналған ҰҚШҰ күштері мен құралдарының жедел, жауынгерлік даярлығының негізгі іс-шаралар жоспарын іске асыруды аяқтады. Сонымен қатар, оқу-жаттығу кезінде спорттық және мәдени іс-шаралар өткізілді. Әр кеш сайын ҰҚШҰ-ның мүше мемлекеттерінің біріне арналған ұлттық мәдениет күндері өтті.