Ж.Қасымбек: Мемлекеттің бәсекеге қабілеттігін арттыруға бағытталған жұмысы нәтижесінде Қазақстан жаhандық рейтингте 42 орынға жайғасты

01.10.2015 2802

Президент бастама болған барлық бағдарламалар мемлекеттің бәсекеге қабілеттігін арттыруға бағытталған, осы жұмыстың арқасында Бүкіләлемдік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақстан 42-шы орынға көтерілді. ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Жеңіс Қасымбек.

«Ел басшылығы, үкіметтің мемлекетіміздің бәсекеге қабілеттігін қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан мақсатты жұмыстың нәтижесінде Қазақстан Бүкіләлемдік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 42-шы орынға жайғасты. Бұл орайда көптеген факторлар ескерілді. Мен өзім жауап беретін салаға қатысты айта аламын. Логистика деген фактор бар, бұл пункт бойынша біз 80-шы орыннан жоғары орынды иеленетінбіз. Бұл прогреске қол жеткізу үшін біз негізгі жеті бағыт бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Атап өтсек, бұл әуе қолжетімділігі, автомобиль жолдарының, темір жол көліктерінің жағдайы, порттардың қолжетімділігі және тағы басқа», - деген пікірін білдірді Ж.Қасымбек. 

«Бүгінгі күні өз позициямызды мейлінше жақсарту үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Президент бастама болған көптеген бағдарламалар Қазақстанды бәсекеге қабілетті елдердің алғашқы қатарына қосуға бағытталған», - деп толықтырды вице-министр. 

Еске сала кетейік, 30 қыркүйек күні Бүкіләлемдік экономикалық форум 2015-2016 жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы жыл сайынғы Есебін жариялады. Ғаламдық рейтингте Швейцария тағы да көш бастап тұр. Екінші орынға Сингапур жайғасса, АҚШ үшінші сатыға орнықты. Үздік бестікті Германия мен Нидерланды тұйықтап отыр. ТМД елдері арасында Әзербайжан алдыңғы қатардан көрінді (40-орын), Қазақстан көршілес Ресейді (45-орын) басып озып, 42-орынға тұрақтады. Бәсекеге қабілеттілік индексі рейтингіне қатысу тарихында Қазақстан алғаш рет үздік нәтижеге қол жеткізіп отыр.