Қазақстан мен Нидерланд ғарыш технологиялары саласында ынтымақтасуға мүдделі

23.09.2015 3502

Астанада Қазғарыш пен Нидерланд ғарыш кеңсесінің арасында ғарыш технологиялары саласында өзара іс-қимыл туралы екіжақты хаттамаға қол қойылатын болады, деп хабарлады Қазғарыштың баспасөз қызметі.

2015 жылғы 6-7 қазанда Астанада ҚР ИДМ Аэроғарыш комитеті (Қазғарыш) басшылығының Нидерланд ғарыш кеңсесінің (НҒК) директоры Гер Ньюпорт бастаған делегациясымен кездесуі өтеді.

Бұл кездесу «Қазақстандағы ғарыш күндері – 2015» халықаралық конференциясың шеңберінде өтеді.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы мен мұнай және газ салаларында ғарыш технологияларын қолдану аясындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылау жоспарланып отыр.

Бұдан басқа, кездесуде Жерді қашықтықтан зондтаудың (ЖҚЗ) заманауи технологияларын қолдану, сондай-ақ осы бағытта тәжірибелік үлгілерді талдау нәтижелері ұсынылатын болады.

Келешекте ЖҚЗ деректері мұнай және газ секторындағы міндеттерді шешуге, сондай-ақ еліміздің ауыл шаруашылығы мәдениетінің жай-күйін бағалауға ерекше үлес қосатындығын атап өткен жөн.

Іс-шараның нәтижесі бойынша ғарыш технологиялары саласында одан әрі бірлескен жұмыс үшін Қазғарыш пен НҒК арасында екіжақты өзара іс-қимыл туралы хаттамаға қол қойылатын болады.

2014 жылғы 23 наурызда Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттігі мен Нидерланды ғарыш кеңсесі арасында ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастық ниеттер туралы хаттамаға қол қойылғандығын естеріңізге саламыз.