ШҚО-да «Реал Мадрид» тәжірибесі бойынша футбол академиясы құрылады

15.09.2015 2662

ШҚО әкімдігі және испандық консалгтингтік «SOXNA» компаниясы арасында «Реал Мадрид» футбол клубының тәжірибесі бойынша жаттықтыратын 100 орындық футбол академиясының құрылуына меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды ШҚО Ақпараттық орталығы.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасы бойынша соңғы айларда футбол академиясының құрылуы жайлы мәселелер қарастырылып, таңдауға неміс және испандық командалардың тәжірибесі алынған. Осы орайда испандық «SOXNA» компаниясымен келісімшарт орнап, испаниялық жаттықтырушылар «Реал Мадрид» командасы тәжірбиесі бойынша жаттықтыратын футбол академиясының құрылысы жоспарланды.

Академия Өскемен қаласында жұмыс жасайтын болады. Бастапқыда 12-15 жас аралығында 100 бала қабылданып, 50 баладан екі топқа бөлінеді. Әр топтан 25 баладан тұратын 2 команда құрылады. Осылайша, 4 команда жұмыс жасап, әр команданы жеке испаниялық жаттықтырушы жаттықтырады. Сондай-ақ, шетелдік жаттықтырушылар жергілікті жаттықтырушыларды да жаттықтырмақ.

Ал академияға балаларды іріктеу ағымдағы жылы қазан айынан бастап жүреді.

«Бұл біздің аймақ үшін өте маңызды жоба болғандықтан, академияда балалардың жаттығуына барлық жағдай жасалатын болады. Облысымыздан бөлек, өзге аймақтардан, әсіресе ауылды жерлерден балаларды тартып, академияда тұруы үшін орын бөлеміз», – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Өз кезегінде, «SOXNA» компаниясының президенті Алсина Луис облыс басшылығына алғысын білдіріп, жоба үлкен жетістікке жететіндігін мәлімдей отырып, ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омармен меморандумға қол қойды.

Алдағы уақытта балаларды 10 – 16 жас аралығында қабылдап, санын 200-ге жеткізуді көздеуде. Ал жаттығу жылдың төрт мезгілінде тоқтаусыз жүруі үшін, төбесі ашылмалы футбол манежы салынады. Айта кетсек, «SOXNA» компаниясы дәл осындай жүйе арқылы әлемнің 10 елімен жұмыс жасауда.