«ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» республикалық тарихи-мәдени экспедиция қатысушылары зерттеу кітабын шығарады

10.09.2015 2845

11 қыркүйекте елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясы басталады. Ғылыми-танымдық экспедиция тарихи-мәдени жерлерді төрт бағытта жүріп өтіп, 9 қазанда Тараз қаласында түйіседі, деді ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесі төрағасының орынбасары Наталья Калашникова баспасөз конференциясында.

Экспедицияның мақсаты Қазақстан халқының тарихи-мәдени және рухани мұрасын оқып-үйрену мен насихаттау негізінде қазақстандықтардың ұлттық бірлігін нығайту болып отыр. 

Экспедиция топтары 9 қазанда Тараз қаласында түйіседі. Осы жерде «Тарих толқынындағы Ұлы Дала» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының көрмесі ұйымдастырылады. Сондай-ақ, экспедицияның нәтижесі бойынша қатысушылардың жазбаларынан тұратын үш томдық күнделік жарық көрмек. 

«Ұлы дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясы – Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған өте ауқымды әлеуметтік-тарихи акциялардың бірі. Экспедиция 11 қыркүйекте үш қалада – Астана, Ақтау, Павлодар қалаларында бір мезгілде бастау алады. 

Экспедицияға Қазақстан халқы Ассамблеясы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, жастар ұйымдары, БАҚ өкілдері қатысады.

Экспедиция барысында өңір халқымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Біртектілік және бірлік» бағыты бойынша «Мәңгілік ел мұраты - ел бірлігі» тақырыбына кездесулер; Қазақстан мемлекеттігінің негіздеріне және Қазақ хандығының тарихына арналған «Жер тарихы – ел тарихы» тақырыбы бойынша сұхбаттар; «Н.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі» бойынша дәріс-таныстырылымдар; экспедицияның жүру бағытындағы қалаларда, кенттерде және ауылдарда орналасқан кітапханалар мен мұражайларға кітаптар сыйға тарту көзделген «Теңдессіз сый» акциялары өткізіледі.