Қазақстан ЮНИСЕФ бағасы бойынша жастарды дамыту рейтингінде 30 үздік елдің қатарына енді

15.06.2015 3205

Қазақстан ЮНИСЕФ бағасы бойынша жастарды дамыту рейтингінде 30 үздік елдің қатарына енді, деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Назарбаев Университеті түлектеріне диплом беру рәсімінде.

«ЮНИСЕФ Жаһандық индексі бағасы бойынша Қазақстан жастарды дамыту бойынша 30 үздік елдің қатарына еніп, 27 орынды иеленді. Бұл Франция, Швеция, Түркия сынды елдер енетін рейтинг. Бұл мақтанарға тұрарлық. Біз бүгін жасап жатқанның барлығы сендердің болашақтарың үшін: индустрияландыру, «Нұрлы жол», жол құрылысы, зауыт, тұрғын үй, мектеп құрылысы – барлығы сендер үшін», - деді Елбасы.

Президент атап өткендей, қазіргі жастар буыны қолайлы кезеңде өмір сүруде, олар еркін мамандықтарын таңдап, мемлекетпен бірге дамиды.

«Бүгін сендер үшін барлық есіктер ашық, сендер  қызықты кезде ғұмыр кешудесіңдер, елмен бірге дамып қадам басасыңдар. Бұл келісім мен тұрақтылықтың арқасы. Сендердің тағдырларың, өмірлеріңде сәтті оқиға болды ол. Біз бұл бірегей университетті құрдық, меніңше, дамыған елдердің кейбіреулері осы сынды оқу орнымен мақтана алмайды», - деді Ұлт көшбасшысы.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Назарбаев Университетінде ҚР Президентінің қатысуымен алғашқы түлектердің салтанатты рәсімі өтті. Оған студенттер, ата-аналар, оқытушылар құрамы мен ірі ұлттық компаниялардың басшылары қатысты. Сөйтіп, 446 студент Назарбаев Университетінің алғашқы түлектері атанды. Назарбаев Университеті 2010 жылы Елбасының бастамасымен ашылды. Университет ашылғаннан бері студенттер саны 2800-ге жетті. Жыл сайын 500 адам грант иегері болады.

Индира Қауметова