Астанада Түркі әлемінің Трансплантологтары қауымдастығының І конгресі өтуде
Бүгін Астанада ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қолдауымен «Ағзалар донорлығы, сақтау және және трансплантациядағы заңнама қызметі» тақырыбында Түркі әлемінің Трансплантологтары қауымдастығының І конгресі өз жұмысын бастады.
Іс-шараға әлемнің 30 елінің трансплантология саласындағы 350-ден астам жетекші мамандары қатысады. Құрметті қонақтардың ішінде – Түркі әлемінің Трансплантологтары қауымдастығының негізін қалаушы, президенті, м.ғ.д. Мехмет Хаберал (Түркия), атақты трасплантологтар: Мұстафа Әл-Мұсави (Кувейт), Әбдел-Хаби Брейзат (Иордания), Нади Хәкім (Ұлыбритания), Рифат Кәміл (Египет), Саид Әли Мәлік-Хұсейни (Иран), Филипп О-Коннел (Австралия), Файсал Шахин (Сауд Аравиясы) және т.б. болады.
Конгресс аясында транплантологияның түрлі аспектілері – этика және заңнама, донорлық, транплантология қызметін үйлестіру және ұйымдастыру, тіндік типтеу, ағзаларды алмастыру, иммуносупрессивтік терапия мәселелері талқыланады. Сонымен қатар, шеберлік-сабақтары өткізіліп, ересек адамдарға және балаларға бауыр және бүйрек алмастыру сияқты аса күрделі оталар жасалады.
«2014 жылдың қорытындысында Қазақстанда жылына 138 адам - жүрек, 250-300 адам – бауыр, 1384 адам – бүйрек, 3-5 адам – өкпе, 37 адам – ұйқы безі транплантациясына мұқтаж. Жалпы, елімізде 2012 жылдан бері 445 бүйрек және 76 бауыр транплантациясы жасалды. Сондай-ақ, осы кезеңде 21 жүрек алмастырылса, оның ішінде 11 транплантация 2015 жылдың 4 айы ішінде атқарылды», - делінген хабарламада.
Қазіргі заманда транплантология саласының жағдайы жалпы елдегі медицинаның басты көрсеткішінің бірі боп табылады. Қазақстанда әлемнің жетекші клиникаларында оқып қайтқан жоғары білікті мамандар, қажетті қондырғылар мен тәжірибе бар. Заңнаманы әрі қарай жетілдіру және барлық деңгейде мемлекеттік қолдау көрсету Қазақстанды транплантология саласы дамыған озық елдердің қатарына қосады.
Елімізде транплантация қызметін үйлестіруді қамтамасыз ету үшін Республикалық ағзаларды транплантациялау үйлестіру орталығы құрылып, барлық облыс орталықтарында, Астана мен Алматыда өкілдіктері ашылды. Қазақстанда бүгінгі таңда ағзаларды алатын 37 донорлық стационар, транплантация бойынша ота жасауға лизенциясы бар 9 транплантациялық орталық қызмет етеді.
Еске сала кетейік, Түркі әлемі Трансплантологтарының қауымдастығы әлемнің түркі елдері арасында ағзалар транплантациясы саласында ынтымақтастық орнату мақсатында 2014 жылғы 15 желтоқсанда құрылды. Қауымдастық құрамында Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан және Өзбекстаннан 500-ден астам мүше бар.