Қазақстан мен Литва ынтымақтастық туралы бірқатар құжаттарға қол қойды

19.05.2015 3542

Қазақстан мен Литва астанада екі Мемлекет басшыларының кездесуі аясында бірқатар құжаттарға қол қойды.

«Бүгін біз 3 халықаралық құжатқа қол қойдық. Олар құпия мәліметтерді сақтау, қылмыстық жолмен табылған қаржыны заңдастыру мен терроризмді қаржыландырумен бірлесіп күресу және ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер. Сонымен қатар бүгін Ақтау мен Клайпеда қалаларының әкімдері ынтымақтастық туралы келісім жасады. Бұл да қуантарлық іс»,-деді Литва Премьер-Министрі Альгирдас Буткявичюс.    

Осылайша, Қазақстан мен Литва республикасының арасындағы кеңейтілген екіжақты кездесудің аясында  екі мемлекеттің үкіметтерінің арасында құпия мәліметтерді бірлесіп қорғау туралы келісімге қол қойылды. Қазақстанның Қаржы министрлігі мен Литваның Ішкі істер министрлігінің жанындағы Қаржылық қылмыстарды іздестіру қызметінің арасында қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырумен және терроризмді қаржыландырумен күреске бағытталған құжатқа қол қойылды.  

Келісімдердің арасында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау комитеті мен Литваның Азық-түлік және ветеринария мемлекеттік қызметі арасында жасалған ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бар. Сонымен қатар Ақтау қаласы мен Литваның Клайпеда қаласының арасында ынтымақтастық туралы хаттамаға да қол қойылды.  

Литва Премьер-Министрінің сөзінше, соңғы жылдары Қазақстан мен Литва арасында екіжақты ынтымақтастық бағытында көптеген ортақ мүдделер пайда болды.  

«Мен ынтымақтастық туралы айтқанда, әсіресе көлік, сауда мен байланыс, медицина саласының қыр-сырын меңгеру сияқты бағыттарды атар едім және бұл тек біздің әлеуетіміздің аз ғана бөлігі»,-деді Альгирдас Буткявичюс.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін елордада екі елдің Премьер-Министрлерінің қатысуымен қазақстандық-литвалық бизнес-форум өтеді.   

Форумға екі мемлекеттің кәсіпорындары мен ұйымдарынан, даму институттары мен бизнес бірлестіктерінен және мемлекеттік органдарынан 200-ден астам адам қатысады деп күтілуде. Литва делегацисының құрамында көлік және логистика, білім беру, тағам өнеркәсібі, энергетика саласының өкілдері мен өнеркәсіп конфедерацияларының жетекшілері мен кәсіпкерлік өкілдері бар.

Индира Кауметова