Сингапур соңғы 10 жылда Қазақстанға 50 миллион долларға жуық қаржы инвестициялады
Сингапур соңғы 10 жылда Қазақстанға 50 миллион долларға жуық қаржыны инвестиция ретінде құйды, деді Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитет төрағасы Ерлан Хаиров қазақстандық-сингапурлық бизнес-форум барысында.
«2005-2014 жылдар аралығында Сингапур Республикасынан Қазақстанға келген тікелей инвестициялар көлемі 50 миллионға жуық долларды құрады, Қазақстан Сингапурға 900 миллион доллар инвестициялады».-деді Е.Хаиров.
Айта кететін мәселе, орташа алғанда Сингапурдан Қазақстанға салынған инвестициялар көлемі біршама өскен.
«Біз де өзіміздің тарапымыздан Сингапурдың тәжірибесіне сүйене отырып, инвестициялар салуға қолайлы жағдайлар жасап отырмыз. Қазақстан Сингапурмен ынтымақтастықты, бірлескен қимылдарды жалғастыруда, нақтырақ айтқанда, менджмент консультациялары бойынша байланыстарды жетілдіріп, экономиканың жаңа үлгісін дамытуда»,-деді комитет төрағасы.
Сингапур тарапынан жиынға қатысатын бизнес-делегация құрамында Leung Kai Fook Medical, Megaton Shipping Pte Ltd, Rutledge, Arise Global, Kenetics Innovations Pte Ltd сияқты 10 компания басшылары бар.
«Аталмыш форум біздің мемлекеттеріміздің арасындағы «көпір» іспеттес. Мен бұл «көпірдің» екіжақты байланыстарды орнату үшін жеткілікті деңгейде мығым болатынынан үміттенемін. Баршаға мәлім, экономикадағы жаһандық өзгерістер мен кейбір аймақтардағы тұрақсыздықтар көптеген елдердің экономикаларына әсер етуде. Қазақстан бүгінгі таңда индустрия мен экономиканы дамытып, жаңғыртуды мақсат етіп отыр. Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы біздің мақсатымызға қол жеткізгендігіміздің айқын көрінісі»,-деді Е.Хаиров.
Бизнес-форумның қорытындысы бойынша, сингапурлық және қазақстандық кәсіпкерлер арасында В2В форматында екіжақты кездесулер ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Камила Амирова