2 миллионнан аса қазақстандық тегін вакцина алады

06.08.2020 37460

2 миллионнан аса қазақстандыққа COVID-19-ға қарсы вакцина тегін беріледі, деп хабарлады Strаtegy2050.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтың facebook желісіндегі парақшасына сілтеме жасап.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жақында тағайындалған ресми өкілі Бағдат Қожахметов өз парақшасында «2 182 000 азамат коронавирусқа қарсы вакцинаны тегін алады» - деп жазыпты.

Қазақстан тұрғындарын вакцинациямен қамтамасыз ету үшін дүние жүзі елдерінің коронавирусқа қарсы вакцина дайындау тәжірибесін үйрену жұмыстары жүргізілген.

Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, вакцинация мен иммунизацияға қатысты жаһандық альянс және эпидемияларға дайындықты қамтамасыз ету саласындағы инновация Коалициясымен бірігіп жасаған «COVAX Facility» бағдарламасына кірді. Бұл бағдарламаға қатысқан елдер халықтың 20%-ын иммунизациялау үшін коронавирусқа қарсы вакцинаны жеткізуге растама құжатын алады.

Қазақстан Республикасы бойынша вакцинациялауға жататын тұлғалардың саны 2 182 000 адамды құрап отыр. Бұл жалпы халықтың 11,5%-ы. Бұл топқа 65 жастан жоғары азаматтар, созылмалы аурулары бар, жүрек-қан тамырлары аурулары бар, қант диабеті, өкпенің обструктивті аурулары бар және медицина қызметкерлері кіреді. Аталған адамдарға вакцина тегін егіледі.

GAVI бағалауы бойынша коронавирусқа қарсы 1 вакцинаның бағасы 10-20 АҚШ долларына сәйкес келеді. Бұл сомаға вакцинаны елге жеткізу шығындары кірмейді. Біздің елде вакцинаның бағасы 4142 теңгеден 8284 теңгеге дейін барып қалады.

Алдын ала есептеу бойынша GAVI арқылы вакцинаны сатып алуға 9 037,8 млн. теңге –  18 075, 7 млн. теңге аралығында ақша бөлінеді.

Бұған дейін қазақстандық ғалымдардың вакцина әзірлегенін және қыркүйек айында еріктілерге егілетіні туралы жазған болатынбыз. 26 шілдеде вакцинаны әзірлеген қазақстандық 5 маман өз еріктерімен екпе салдырды. Олар тірі вируспен тікелей жұмыс істеп жатқандықтан өздерін қорғау мақсатында екпеге келісім берді. Үш күн бойы олардың жағдайы бақылауда болды. Олардың дене қызуы қалыпты болып, вакцина аллергиялық реакция бермеген.

Қыркүйек айында Алматыда 44 еріктіге салынады. Қазан айында 200 еріктіге екпе жасалады.

Егер қазақстандық вакцинаның клиникалық сынамаларын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дәлелдесе, Қазақстанның Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми зерттеу орталығы жанынан құрылған иммунобиологиялық зауытта вакцинаны өндіре бастайды. Зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 60 млн доза вакцина шығара алады. Ал зауыттың құрылыс жұмысы 2020 жылдың желтоқсан айында бітеді.