Қазақстандық ту Вьетнам жерінде алғаш рет желбіреді
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыповтың Вьетнам Социалистік Республикасына ресми сапары барысында Ханой қаласында Қазақстан Республикасы Елшілігінің жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады ҚР СІМ.
«Лентаны кесу рәсімінен кейін Қазақстан Республикасының әнұранының салтанатты әуенімен Отанымыздың көк байрағы Елшіліктің үстінен көтерілді. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов өз сөзінде Қазақстанның Вьетнамдағы Елшілігінің ашылуы тараптардың екі жақты қатынастарды нығайтудың жарқын дәлелі болып табылатыны және бұл елдеріміздің ерекше достық қарым-қатынастарының, сенімі және серіктестігінің белгісі деп атап өтті», - делінген хабарламада.
Вьетнам Сыртқы істер министрінің орынбасары Буй Тхань Шон екі ел арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды атап өтіп, Ханойда Қазақстан Елшілігінің ашылуы Қазақстан басшылығының Вьетнаммен ынтымақтастықты дамытуға шын ниетінің дәлелін растап, екі жақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мен тереңдетуге қызмет етеді деп атап өтті.
Қазақстан мен Вьетнам арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 22 жыл болды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсултан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасындағы Елшілігін ашу туралы Жарлығы 2013 жылғы қараша айында жарияланған, ал Вьетнамның Астанадағы Елшілігі 2008 жылдан бері өз қызметін атқарып келеді. Қазақстанның Вьетнамдағы Елшісі Бекетжан Жұмаханов сенім грамоталарын Вьетнамның Президенті Чыонг Тан Шангқа 2014 жылғы 6 наурызда табыс етті.
Екі елдің сауда айналымы 2014 жылы 271,9 млн. АҚШ долларын құрап, соңғы 5 жыл ішінде 3 есе жоғарылады (2009 ж. 88,379 млн. АҚШ долл.).