Маңғыстау облысына ҚХА жылына орай жолға шыққан «Менің Қазақстаным» пойызы келді (ФОТО)

02.04.2015 4816

Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына орай жолға шыққан «Менің Қазақстаным» арнайы пойызы Маңғыстауға келіп жетті, деп хабарлайды аймақ әкімдігі.

Астанадан наурыздың 23-і күні шыққан пойыз құрамында Парламент депутаттары мен министрліктер мен ведомство өкілдері, сондай-ақ бірқатар ұлттық компаниялардың қызметкерлері, өнер жұлдыздары мен белгілі қоғам, мемлекет қайраткерлері бар.  

«Мен «Менің Қазақстаным» пойызымен келген азаматтардың барлығына алғысымды білдіремін.  ҚХА жылының аясында ұйымдастырылған акцияға қатысушыларды қарсы алу біз үшін мәртебе. Биыл этникааралық, қоғамдық келісім жылы. Қазақстанда әрбір этностың өзінің тілін, салт-дәстүрін сақтап, дамытуға мол мүмкіндік жасалған. Бүгін акция аясында қоғамдық келісім кеңесінің қоғамдық қабылдауы, мемлекеттік этносаясат, мәдениет пен төзімділік және этникааарлық қатынастар бойынша семинар-кеңес ұйымдастырылады. Әлеуметтік сала, заң, медицина, мемлекеттік қызмет көрсету, бизнес пен ауыл шаруашылығы салалары бойынша консультациялар жүргізіледі»,-деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов.           

Бүгін акция қатысушылары күні бойына бірнеше топқа бөлініп, Ақтау қаласының Мұнайлы ауданының тұрғындарымен жүздесіп, мемлекеттік қызмет көрсету, әлеуметтік қорғау мен қолдау, бизнесті жүргізу мен ауыл шаруашылығы саласының жұмыстарына қатысты тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, пікір алмасады.

Сонымен қатар, орталық аудандық емханада осында арнайы келген неврапотолог, кардиолог, эндокринолог, офтальмолог, нефролог сияқты мамандар медициналық көмекті қажет ететін азаматтарды қабылдайды.

Басты назар әлеуметтік жағынан әлсіз топ өкілдері мен Ұлы Отан соғысы және тыл еңбегі ардагерлеріне бөлінетін болады.

Бұған қоса Ш.Есенов атындағы Каспий Мемлекеттік технология және инжиниринг университетінде қоғамдық келісім мәселесіне қатысты лекция оқылып, Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан ұйымдастырылатын «Менің елім – Мәңгілік ел» көрмесі тамашаланады. Сондай-ақ акцияға қатысушылар тал-тарақтар егіп, қазақ эстрадасының жұлдыздары концерт қояды.