Жаңа құрылған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өзінің тиімділігін көрсетті -Ахметжанов
Жаңа құрылған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өзінің тиімділігі мен ықпалдылығын көрсетті, деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Саян Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде.
«Осыған дейінгі Мемлекеттік қызмет істері және экономикалық қылмыстармен күрес агенттіктерін тарату жөнінде Жарлық шыққалы жарты жылдан астам уақыт өтті. Бұл уақытта жаңа агенттікті құру бағытындағы кең ауқымды жұмыстар атқарылды. Жаңа агенттіктің қызметі мынадай негізгі бағыттардан тұрады. Олар: мемлекеттік қызмет саласындағы, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруды бақылау саласындағы және жемқорлыққа қарсы тұру бағытындағы уәкілетті орган. Осы бағыттарды кешенді түрде жүзеге асыру жұмыстары өзінің тиімділігі мен ықпалдылығын көрсетті»,-деді С.Ахметжанов.
Оның сөзінше, құқық қорғау саласы бойынша елімізде алғаш рет орталық аппарат пен оның аймақтық бөлімшелерінің жетекші лауазымдарына конкурс арқылы тағайындау жүйесі енгізілді. «Конкурсты өткізу барысында жаңа лауазымға тағайындалғалы отырған азаматтардың басқарушылық және тұлғалық ерекшеліктерін анықтайтын, сондай-ақ психологиялық және өзге де аспектілерін анықтау бағытында алдыңғы қатарлы технологиялар қолданылды. Сонымен қатар агенттіктің екі негізгі және бір қосалқы бағыттан тұратын жинақы орталық аппараты қалыптасып, жергілікті жерлерде оның өкілдіктері орналасты. Бұл елімізде бірінші рет қолға алынып отыр», - деп жалғады сөзін агенттік төрағасының орынбасары.
Бұл ретте Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары агенттік құрамында агенттіктің қызметі мен көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметтер бойынша тұрғындарға арналған call-орталықтың құрылғандығын айтты.
«Бұдан бөлек агенттік тұрақты түрде мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіп келеді. Біз көрсетілетін қызметтердің сапасына қарай тұрғындардың сенімі қалыптасатынын, аймақтарда жемқорлық әрекеттерінің саны азаятынын білеміз», деді С.Ахметжанов.