Қарағандыда тұтынушылардың құқын қорғайтын консультациялық орталық ашылды
Қарағанды облысының тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде (бұрынғы СЭС) 2015 жылдың наурыз айынан бастап, тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын консультациялық орталық жұмыс істей бастады, деп хабарлайды облыс әкімдігі.
«Орталыққа қайырылған кез-келген азамат онда өзінің құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында тиісті заңдық көмек ала алады. Заң саласында үлкен тәжірибелері бар мамандар азаматтарға шағымдану үшін қандай құжатты қалай толтыру қажеттігін үйретеді. Ол үшін мамандарда тұтынушылардың наразылықтарымен байланысты жазылуы тиіс кез-келген құжаттың үлгісі болады»,-делінген хабарламада.
Хабарламада айтылғанындай әдетте заңдық талаптарға сай дұрыс дайындалған құжат істің оң шешімін табуына айтарлық көмегін тигізеді. Әзірге мұнда сапасыз техникалар мен тауарларға, киімдерге, тұрмыстық заттарға қатысты сапасыз жазылған шағымдар қаралуда. Департаментте сонымен қатар «жедел желі» жұмыс істеуде. Тұрғындар осы желі арқылы да өздерінің наразылықтарына байланысты мамандармен пікір алмасып, қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіледі.