«Бірлік» партиясы Президент сайлауына Н. Назарбаевтың кандидатурасының ұсынылуына байланысты мәлімдеме жасады
Бүгін «Бірлік» партиясы қоғамдық бірлестігінің өкілдері Астанада өткен партияның Саяси атқару комитетінің кеңейтілген отырысында «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің кезектен тыс Президент сайлауына қатысуға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсынуына байланысты арнайы мәлімдеме жасады.
Мәжіліс барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның болашағы жолында атқарған істеріне тоқталған «Бірлік» саяси партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали алдағы өтетін ҚР Президентінің сайлауы еліміздің саяси өмірінің маңызды оқиғасы болып табылатындығын атап өтті.
«Нұр Отан» партиясы өзінің 11 наурыздағы съезінде сайлауға қатысу үшін қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсынды. Осыған байланысты «Бірлік» саяси партиясы осы мәселе бойынша мәлімдемесін жариялайды. Біз «Нұр Отан» партиясының Қазақстан Республикасының Президенттігіне Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсынуын Елбасы жүргізіп келе жатқан саяси бағытты жалғастыруға деген жаппай қоғамдық сұраныстың көрінісі деп есептейміз»,-деді партия төрағасы.
Сондай-ақ ол сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі заманғы қазақстандық мемлекеттіліктің негізін қалаушысы болып табылатындығын атап өтті. «Елімізде Президентіміздің басшылығымен ірі қайта құрулар жүзеге асты, соның нәтижесінде тиімді нарықтық экономика қалыптасып, халықтың әл-ауқаты артты. Мемлекетімізде тиімді саяси жүйе қалыптасып, қоғамдық келісім салтанат құрды. Қазақстанның әлем алдындағы беделі артып, мемлекетіміз алдына әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіру жөнінде биік мақсаттар қойып отыр»,-деді С.Сұлтанғали.
Оның сөзінше, Қазақстанда 30 мемлекеттің қатарына қосу мақсатында ұзақмерзімді «Стратегия-2050» және «Нұрлы жол» сияқты бағдарламалар өмірге келді. Бұл маңызды құжаттардың барлығы Елбасының жеке өзінің бастамасымен қолға алынып отыр. «Ендеше, елді ынтымақтастыруды мақсат тұтатын «Бірлік» партиясы өзінің саяси ұстанымдары мен құндылықтары негізінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасының биылғы жылдың 26 сәуірінде өтетін кезектен тыс Президент сайлауына ұсынылуын қуаттап, қолдайды»,-деді партия лидері.
Айдар Оспаналиев