ҚР Президенттігіне үміткер Т.Сыздықов мемлекеттік тілді еркін меңгерген – лингвитикалық комиссия
Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Тұрғын Ысқақұлы Сыздықовтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы болды, деп хабарлады ҚР ОСК.
Лингвистикалық комиссияның төрағасы М. Жолдасбеков «Біздің күшіміз – бірлікте» тақырыбында жазбаша тапсырманы жазуда үміткер алты қате, оның ішінде үш орфографиялық екі пунктуациялық, бір стильдік қате жібергенін хабарлады.
«Шығарманың көлемі белгіленген екі параққа сәйкес келеді, тақырып ашылған, кандидаттың сөздік қоры жеткілікті, ойын дұрыс, түсінікті жеткізген.
Бауыржан Момышұлының шығармасынан үзінді оқыды, комиссия мүшелері қойған сұраққа жауап берді, Б. Момышұлы прозасын түсінгенін аңғартты. Шығарманы орфоэпиялық нормаларға сәйкес оқыды. Көпшілік алдында 15 минут сөз сөйлеу кезінде кандидат «Астана – тәуелсіздік тұғыры» деген тақырыпты ашты. Сөз саптауы қазақ әдеби тілінің нормаларына сәйкес», - деп мәлімдеді М.Жолдасбеков.
Лингвистикалық комиссияның ашық дауыс беру арқылы бірауыздан қабылданған және отырыстың хаттамасымен ресімделген шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Тұрғын Ысқақұлы Сыздықов мемлекеттік тілді еркін меңгерген.
Отырысқа Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен қатысты.