Қазақстан мен Литва өзара парламенттік диалогты дамыту қажеттілігін атап өтті
Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы уәкілі – ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков Литва Республикасына сапармен барды.
ҚР СІМ хабарлауынша, сапардың негізгі мақсаты – 2017-2018 жылдарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын ілгерілету, сондай-ақ, елдер арасындағы парламентаралық өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерінің талқылануы болды.
Сапар бағдарламасының шеңберінде И. Адырбектов ЛР Сыртқы істер министрі Линас Линкявичюспен, ЛР Сеймі төрайымының бірінші орынбасары Видас Гедвиласпен, ЛР Үкіметінің канцлері Альминас Мачюлиспен және ЛР Көлік және коммуникациялар министрі Римантас Синкявичюспен кездесті.
И. Адырбеков Сыртқы істер министрге ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Литва Республикасының Президенті Д. Грибаускайте атына 2016 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлауында Қазақстан ұсынымын қолдау туралы хатын табыстады.
Кездесу барысында, сонымен қатар, саяси және экономикалық салалардағы екі жақты қатынастар дамуының болашақ мүмкіндіктері талқыланды. Сұхбаттастар елдерінің өңірлік және халықаралық саясаттың өзекті мәселелерінің көбісі бойынша ұстанымдары ұқсас келеді деп атап өтті. Олар сауда және инвестициялық ынтымақтастықты, екі елдің әлеуетін ескере отырып, жандандыру қажеттілігін ерекше атап өтті.
И. Адырбековтың ЛР Сеймі төрайымының бірінші орынбасары Видас Гедвиласпен кездесуі барысында өзара әріптестікті ілгерілетудің маңызды құралы болып табылатын парламентаралық диалогты нығайтудың маныздылығына ерекше көңіл бөлінді.
Осыған орай, И. Адырбеков парламентаралық байланыстарды кеңейту мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Н. Нығматулиннің Литва Сеймінің Төрайымы Л. Граужиненеге жіберген Қазақстанға шақыру хаты туралы еске салды.
Аталған кездесулерге, сондай-ақ, Қазақстанның Литвадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Б. Мұхаметжанов және Литваның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі В. Наудужас қатысты.